Әлем

Мәскеуде Жамбыл Жабаевтың ескерткіші қалпына келтірілді

Ескерткішті архив суреттерге қарап, жаңадан жасап шығарған
Sputnik

АСТАНА, 31 қазан — Sputnik. Мәскеуде қазақ ақыны Жамбыл Жабаев пен тарышы Шығанақ Берсиевтің ескерткіштері қалпына келтірілді.

Монументтер өзінің бұрынғы орны – Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіндегі павильонына қойылды.

Қазақстанның Ресейдегі елшілігі мәлімет бергендей, ескерткіштерді қалпына келтіру жұмысы жарты жылға созылған.

Шығанақ Берсиевтің ескерткіші

Ескерткіштердің биіктігі – үш жарым метр. Мамандар бастапқыда мүсіндердің эскизін жасап, кейін металдан шынайы көлемдегі каркасты құрастырды. Саздан мүсін жасап, монументтерді бетоннан құйған.

Мәскеу қаласының мәдени мұрасы департаментінің басшысы Алексей Емельянов еске сала өткендей, Жамбыл мен Шығанақтың мүсіндері былтырғы ғасырдың 60-шы жылдарының басында Қазақ ССР павильонының кіреберісінде орналасқан. Оның сөзіне сүйенсек, ескерткіштерді дағыстандық шебер Хасбулат Аскар-Сарыджа жасапты.

Қазақстан павильонының архив суреті

Емельяновтың айтуынша, монументтерді архив кадрларға қарап, қалпына келтірген.

Жамбыл Жабаев пен Шығанақ Берсиевтің мүсіндері 1963 жылы жойылған екен. Жоғары білікті архитектор-реставратор Григорий Мудров айтқандай, ескерткіштерді сақталған горельефтердің түсіндей етіп бояпты.

Мудровтың түсіндіруінше, ескі түрлі-түсті суреттер бір-бірінен ерекшеленеді, өйткені ол кезде редакторлар кітаптағы фотолардың түсін өзгертіп, өңдейтін.

ХШЖК-дегі Қазақстан павильонының тарихы

Халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесінде "Қазақстан" павильоны 1937 жылы пайда болды. Ол архитектор Владимир Костенконың жобасы бойынша көрменің негізгі аллеясының бас жағында салынған.

Әр жылдары қазақстандық павильонның қасбеті өзгеріске ұшырап отырыпты: 1939 жылы мұнараны шағын күмбезге алмастырса, 1949 жылы қасбетінде жер өңдеу тақырыбындағы барельефтер пайда болды, ал 60-шы жылдары көптеген декоративтік элемент жойылып кеткен.

Былтырдан бері қазақстандық павильонның келбеті қалпына келтіріле бастады.

"Қазақстан" павильоны

Қазір тарихи қасбеті толығымен қалпына келтіріліп, кіреберістегі мәрмәр баспалдақ қайта құрастырылды және орталық көрме залындағы әйнек күмбез жаңартылды.