АҚТӨБЕ, 30 қазан – Sputnik. Бүгін сейсенбі күні биыл қаңтар айында Самара-Шымкент тас жолында жанып кеткен автобус туралы іс бойынша екі жақтың пікірсайысы өтті. Қазан қаласына бет алған автобустан өрт шығып, 52 өзбек азаматы тірідей жанып кеткен еді.
Өрттен бес жолаушы мен үш автобус жүргізушісі аман қалды.
Прокурор автобус жүргізушілері Барат Таңатаров, Нұржан Қырғызбаев және Мақсат Пернебековтің айыбы "Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, көліктік құралдарды пайдалану ережелерін бұзуы салдарынан екі немесе одан да көп тұлғаның қаза табуы" бабы бойынша толығымен дәлелденді деп санайды.
Мемлекеттік айыптау жаза ретінде жүргізушінің әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Прокурордың айтуынша, сотталушылар қылмысты абайсызда жасаған. Тағы екі сотталушыны – Бахадыр Бердібаев (автобусты рейске жіберген механик) пен Нұрлыбек Телепбаев (өртенген автобус тиесілі фирманың басшысы) мемлекеттік айыптау 7 жылға соттауды сұрады.
Сотталушылар кінәсіз екендіктерін айтып, соттан ақтап шығуды өтінген. Олардың ешқайсысы кінәсін мойындамай, өрт шығуына айыпты емес екенін алға тартады. Жүргізушілердің айтуынша, автобус тоқтап қалған соң жолаушылар дәнекерлеуші шамды қосып, жылынып отырғанда, шамды теуіп, құлатып жіберген жолаушының кесірінен өрт шыққан.
Сарыағаш қаласындағы аудандық соттан видео байланыс арқылы пікірсайысқа қатысқан жәбірленушілер сотталушыларды ең ауыр жазаға кесуді сұрады.
"Олар адамды емес, ақшаны ғана ойлады. Жүргізушілер адамдарды құтқарса, бәрі тірі қалатын еді", — деді автобустағы өрттен қаза тапқан жолаушылардың бірінің туысы.
Бұдан бөлек, жәбірленушілер жүргізушілерден моральдық шығын ретінде қаза тапқан әр адам үшін 150 миллион теңге талап етіп отыр.