АСТАНА, 29 қазан — Sputnik. Мәдениет және спорт министрлігі заң департаментінің директоры Күміс Сейітова үстінен іс қозғалған лауазымды тұлғалардың жұмыстан шығарылмағанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, дәл қазір қолдарында лауазымды тұлғалардың ұсталуына қатысты ресми ақпарат жоқ. Бірақ жұмысқа келмей отырғандарын және орындарына атқарушы қызметкер ретінде басқа тұлғалардың тағайындалғанын растады.
"Соңғы уақытта мәдениет министрлігіне лауазымды тұлғаларға қатысты сауалдар көп түсіп жатыр. Дәл қазір министрлікте қарамағындағы қызметкерлерге қатысты ресми ақпарат жоқ. Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев 24 қазаннан бастап өзі өтініш білдіріп, министрдің ресми бұйрығымен 10 күнге ақысыз демалысқа кетті", — деді мәдениет және спорт министрлігі заң департаментінің директоры Күміс Сейітова.
Мәдениет министрлігі әкімшілік департаментінің басшысы Еренай Дәржібаев өзіне қатысты мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жүргізіп жатқан тергеуіне байланысты жұмыста жоқ. Алайда министрлікке оны жұмыстан босату туралы ешқандай құжат келіп түспеген. Сол себепті директор міндетін атқару жауапкершілігі басқа қызметкерге жүктеліп отыр.
Тағы оқыңыз: Мәдениет министрлігі лауазымды тұлғалардың ұсталуына қатысты түсініктеме берді
"Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын білесіздер. Бірақ ресми құжаттар жоқ болғандықтан, оларды жұмыстан босатып немесе шеттете алмаймыз. Тек уақытша жұмыста болмауына байланысты деген анықтама негізінде қызметтерін басқа азаматтарға жүктеу бұйрығы шықты", — деді маман.
Оның айтуынша, дәл қазір Еренай Дәржібаевтің қызметін орынбасары Нұрғалиев атқарып жатыр. Ал жауапты хатшының қызметі уақытша өзіне жүктелген.
"Қалған қызметкерлер жұмыс орнында. Ұсталды деген басқа ақпарат жоқ. Мұнымен қатар, БАҚ-та ұсталғандар кепілдікпен босатылды деген ақпарат тарап жатыр. Біз мұны БАҚ-тан біліп отырмыз. Яғни министрлікте бұған қатысты да айтатын қандай да бір ресми ақпарат жоқ. Сол себепті ешқандай пікір білдіре алмаймын", — деді Күміс Сейітова.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 7 шенеунік пара алғаны үшін ұсталды
Естеріңізге сала кетсек, 26 қазан күні мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғалары ұсталғанын хабарлады. Бірақ агенттіктің ресми өкілі қанша адамның ұсталғанын нақтылаған жоқ. Ол қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын, басқа ақпараттың заңға сәйкес жария етілмейтінін жеткізді. Ал кейін Астана сотының баспасөз қызметі министрліктің әкімшілік департаментінің директоры Еренай Дәржібаевтың 24 желтоқсанға дейін үйқамаққа алынғанын хабарлады.