АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. 1 қарашада Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Қазақстанға ресми сапармен келеді. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"1 қарашада Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар барысында мемлекет басшылығымен кездесулер жоспарланған", — деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Ол екі елдің үкімет басшылары Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық, өңіраралық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту перспективалары мен олардың ағымдағы жағдайын, сондай-ақ Байқоңыр кешені бойынша өзара әрекеттестік мәселелерін талқылайтынын атап өтті.
Сонымен қатар 2 қарашада Астанада ТМД үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді.
"Отырыста ТМД үкімет басшылары сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың, сондай-ақ мәдениет пен қаржы саласындағы өзара іс-әрекеттің көкейкесті мәселелерін қарастырады. Отырыс қорытындысы бойынша ядролық апат болған жағдайда дайындықты қамтамасыз етуге, салықтық-әкімшілік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы бірлескен қызметті жүзеге асыруға, жылжымалы ұялы байланыс жүйесін дамыту және пайдаланудағы ынтымақтастыққа бағытталған бірқатар халықаралық шартқа қол қою жоспарланып отыр", —деді Смадияров.
Назарбаев Медведевті үкімет басшысы болып тағайындалуымен құттықтады