Спорт

Қазақтың даңқты боксшысы басшылық қызметке тағайындалды

"Көкпар" және "Аударыспақ" федерацияларының басшысы ауысты
Sputnik

АСТАНА, 25 қазан – Sputnik.  ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы құрамындағы республикалық "Көкпар" және "Аударыспақ" федерацияларының басшылық құрамына өзгерістер болды, деп хабарлады қауымдастықтың баспасөз қызметі.  

"Көкпар" федерациясының президенті болып даңқты боксшы Мұхтархан Ділдәбеков тағайындалды, ал "Аударыспақ" федерациясын Данияр Қобыландин басқарады. 

Төрт ай вице-министр болған Жүнісова жаңа қызметке тағайындалды

Мұхтархан Ділдәбеков есімі спортсүйер қауымға жақсы таныс. Дегенмен, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері, ХІІ Азия ойындарының жеңімпазы, ХІV Азия ойындары мен әлем чемпионатының  күміс  жүлдегері атанған атақты боксшының үлкен спортқа дейін додабұзар көкпаршы болғанын екінің бірі біле бермейді.

Мұхтархан Ділдәбеков 1976 жылы Түркістан облысы Мақтарал ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ —түрік университетін тәмамдаған. "Парасат" орденінің иегері,  Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.

2008 жылдан осы уақытқа дейін "Оңтүстік Қазақстан облысының бокстан олимпиада резервін дайындайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандырылған спорт мектебінің" директоры қызметін атқарып келді. 

 

 

Ал Данияр Қобыландин 1984 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. 

Еңбек жолын Ақтөбе облысы прокуратурасынан бастаған. ҚР Көліктік бақылау комитетінде, ҚР Президент әкімшілігінде, Алматы қаласы әкімдігінде қызмет еткен. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер.