Қоғам

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: марқұмның анасы мәлімдеме жасады

Ескендір Сүлейменов осы жылдың 22 маусымында Астанада жол апатынан көз жұмған еді
Sputnik

АСТАНА, 24 қазан – Sputnik. Жол апатынан қаза болған 27 жастағы Ескендір Сүлейменовтің анасы Лейла Сүлейменова сот отырысынан кейін мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Олжас Сүлейменовтің немересінің қазасы: отбасы полковниктің қызынан 14 млн теңге сұрады

Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотында белгілі ақын Олжас Сүлейменовтің немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменовтің өліміне қатысты сот процесі жалғасты. Сот отырысының басында зардап шеккен тараптың адвокаты Дамир Сандинов айыпталушыдан 14 миллион 753 мың теңге материалдық шығын өндіріп алуды талап еткен болатын. Отырыстан кейін марқұмның анасы Лейла Сүлейменова журналистердің сұрағына жауап берді.

"Судья бізден материалдық шығынды көрсетуімізді талап етті. Жиенімнің айтуынша, желіде жұрт "олар ұлының өмірін бағалап қойыпты" деген пікірлер жазып жатыр екен. Бірақ бұл олай емес – судья бізді мәжбүрлеп отыр. Солай болуы керек екен", — деді анасы.  

Ол үкімнің әділ болғанын, сотталушының лайықты жаза алғанын қалайтынын айтты. 

"Бар болғаны осы. Жол ережесін бұзғаны үшін. Бұл жерде жылдамдықтың қандай қатысы бар? Ол жол ережесін бұзып отыр. Жолдың бос екеніне көз жеткізбей, бұрыла салған", — деді Лейла Сүлейменова. 

"Жалғыз немерем". Адвокат сотта Олжас Сүлейменовтің хатын оқып берді
Еске сала кетсек, белгілі ақын, жазушы немересі 27 жастағы Ескендір Сүлейменов Астанада жол апатынан көз жұмған еді.  Жол апаты Мәңгілік ел – Керей Жәнібек хандар көшелерінің қиылысында болған. Жас жігіт мотоцикл жүргізіп келе жатқан. Ескендір Сүлейменовті Қызылорда облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтің қызы Малика Мұхитова қағып кеткен. 29 жастағы Малика Мұхитова өткен аптада өткен сот отырысында марқұмның ата-анасынан жылап кешірім сұрады. Өзінің кінәсін толығымен мойындап, зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.

Айтуынша, көлікті 2012 жылдан бері жүргізеді, алты жыл ішінде бірде бір рет жол-көлік оқиғасына ұшырамаған. 

Айыпталушы "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясында жұмыс істейді, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.