Қоғам

Жер тағдыры шешілетін күн: Мұхтар Тайжан заңға не енгізуді ұсынды?

Жер кодексінің жекелеген баптарына 2021 жылдың 31 желтоқсанына дейін мораторий жарияланған болатын
Sputnik

АСТАНА, 24 қазан – Sputnik, Нұргүл Абай. Қоғам қайраткері, Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан мораторий мерзімі аяқталғанға дейін жер мәселесін толығымен шешіп, жаңа заң қабылдау қажеттігін айтты, деп хабарлайды тілшісі. 

Парламент жер дауынан кейін әзірленген заңды қабылдады

Бүгін Астанада агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша "Astana Agro Forum-2018" форумы басталды. Форум аясында "Жерді ұтымды пайдалану" тақырыбында панелдік сессия өтіп, онда жер мәселесіне қатысты халықтың талап-тілектері көтерілді. 

Жер комиссиясының мүшесі Мұхтар Тайжан мораторийдің аяқталуына үш-ақ жыл қалғанын еске салды. Қоғам қайраткері 2022 жылды күтпей, үш жыл ішінде жер дауына нүкте қоятын жаңа заң қабылдау қажет екенін баса айтты. 

"Жер мәселесін шешпей, ауыл шаруашылығы дұрыс дами алмайды деп есептеймін. Халықтың басты талап-тілегі – "жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін". Біз мұны заңды түрде шешуге міндеттіміз", — деген ол өз ұсыныстарын жеткізді. 

Жерді жалға беру институтын енгізу 

Мұхтар Тайжан халықтың "жер сатылмасын" деген талап-тілегін орындау үшін жекеменшік институттың орнына жалға беру институтын енгізу қажет деп санайды. Яғни, қоғам белсендісі ауыл шаруашылығына арналған жерлерді мемлекет меншігінде қалдырып, тек Қазақстан азаматтарына жалға беруді ұсынып отыр. 

"Жерді жалға беру нарығы тек Қазақстан азаматтары мен 100% қазақстандық заңды тұлғаларға қолжетімді болуы тиіс. Және де бұл нарық электронды, яғни халыққа айқын әрі ашық болуы керек. Сонда ғана халықтың "жер ешкімге сатылмасын, тек қана қазақстандықтарға жалға берілсін" деген талабы орындалады", — деді қоғам қайраткері. 

Бірыңғай аграрлық салық  

Шетелдіктермен некедегі Қазақстан азаматтарына жер берілмейді

Осы күнге дейін  шешімін таппай келе жатқан үлкен мәселенің бірі – бос жатқан жер. Мұхтар Тайжанның айтуынша, латифундистер жерді жалға алып, оны мүлде пайдаланбайды. Басқалардың игеруіне де мүмкіндік бермейді. 

"Бұл мәселемен қалай күресуіміз керек? Менің ұсынысым – бірыңғай аграрлық салық енгізу. Бүгінгі таңда адам жерді жалға алған кезде, салықты өте аз төлейді екен, бір гектарға небәрі 37 теңге. Ал жерді игеріп, жұмыс істей бастаса, оған салықтың жеті түрі қосылады. Яғни, салық жағынан алып қарасақ, жермен айналысу тиімсіз болып тұр. Керісінше, бос тұрғаны тиімді. Біз мұны өзгертуіміз керек. Жерді жалға алдың ба, жұмыс істе, салық төле. Жұмыс істесең де, істемесең де, салық тұрақты болуы тиіс. Сонда ғана бос жатқан жерлер азаяды", — деді ол. 

Спутник арқылы қадағалауды заңдастыру 

Сессия барысында айтылған ұсыныстардың бірі – спутниктік мониторингті заңдастыру. Қоғам белсендісі қазіргі таңда объективті, ашық мәліметтің болмауынан бос тұрған жерді мемлекетке кері қайтару қиынның қиыны екенін атап өтті. 

"Сот та, әкімшіліктер де қағазға қарайды. Ал қағазды бәрібір адам, яғни бір шенеунік әзірлейді, дұрыс па?! Сондықтан бізге объективті, ашық мәлімет керек болып тұр. Мұндай мәліметті тек заманауи спутниктер бере алады. Олар NASA, AIRBUS, EСA", — деді ол. 

СҚО әкімі: қалада жердің бәрі 10 жыл бұрын сатылып кеткен

Тайжан ашық кадастр мәселесі екі жыл бойы көтеріліп келе жатқанына қарамастан, әлі шешілмегенін айтты. 

"Ашық кадастрды екі жыл бойы талап етіп отырмыз. Өкінішке қарай, еш нәтиже жоқ. Ал мына спутниктік база ашық кадастрдан да күшті. Себебі, жер кімнің қолында ғана емес, оны қалай игеріп отыр, қанша субсидия бөлінді, қанша солярка алып отыр, мұның барлығы халыққа ашық болады. Меніңше, біз осы космомониторингті заңдастыруымыз керек. Сонда сот та, әкімшілік те бұл ақпаратты мойындауға міндетті болады", — деді жер комиссиясының мүшесі. 

Банктерде кепілде тұрған жерлердің тағдыры 

Мұхтар Тайжан форумға қатысып отырған мемлекеттік органдардан банкте кепілде тұрған бос жерлердің мәселесін шешуді өтінді. 

"Өкінішке қарай, мұндай жерлер өте көп. Қаншама қоршап алынған жер бос тұр, халық та пайдалана алмайды. Президент айтпақшы, бұл жерлерге арамшөп өседі, қасындағы алқаптарға кесірін тигізеді. Сондықтан қазір осында Ұлттық банк, Жоғарғы сот, Бас прокуратураның өкілдері отыр, осы сұрақты мен соларға жолдаймын", — деді қоғам белсендісі.