Қоғам

Елу түрлі аспап жасайтын шебер домбыраны қалай дұрыс таңдау керектігін айтты

Астаналық шебер Нұржан Ділмәнов атадан балаға мирас болып келе жатқан кәсібі туралы айтып, домбыра сатып аларда нені ескеру қажет екеніне тоқталды
Sputnik

АСТАНА, 24 қазан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. 15 жасынан бастап аспап жасауды үйреніп, бүгінде Астана қаласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған шебер Нұржан Ділмәнов домбыра таңдауда ең бірінші нені ескеру керектігін айтып берді. Сондай-ақ, ол шебер домбырасының неліктен базарда сатылатын аспаптардан әлдеқайда қымбат болатынын түсіндіріп, осы саланы меңгергісі келетін шәкірттерді қуана қарсы алатынын жеткізді. 

"Домбыра жасау — әулетімізде мирас болып келе жатқан кәсіп"

— Домбыра жасауды кімнен қашан үйрендіңіз? Алғаш жасаған домбыраңыз есіңізде ме?

— Бұл — біздің ата-бабамыздан келе жатқан өнер. Бүкіл Ділмәнов әулеті осы домбыра жасаумен айналысамыз. Әкемнің өзінен кейінгі Сапарбек есімді інісі домбыра жасайтын фирма ашып, осы істі бірінші болып қолға алды. Қалған інілерінің бәрі де осы домбыра жасаумен айналысады, тек әкем есепші болып жұмыс істейді. Мен туған отбасымда алты ағайындымыз. Олардың үшеуі — қыз, үшеуі — ұл. Өзім отбасында төртінші, ал ұлдардың ішінде екінші баламын. Шаңырақ көтеріп, үш баланың әкесі атанған жайым бар.

Алматы қаласында 50 шақты шебер жұмыс істейтін фирмамыз бар. Оны Бақытжан Ділмәнов ағам басқарып отыр. Ал мен сол фирманың бір филиалын осы Астана қаласында аштым. Шамамен бір жарым жылдың жүзі болып қалды. Алғаш бұл салаға 9-сыныпта оқып жүріп келдім. Бірден білек сыбана кірісіп кетпесем де, тиіп-қашып жүріп домбыра жасауды үйрене бастадым. Бірінші домбырамды Қызылорда облысындағы ауылда Дүйсенбек ағамның үйретуімен жасаған едім. Осылайша Қызылордадағы кәсіпорнымызда 2002 жылға дейін жұмыс істедім. Кейін екі жыл әскерге барып келген соң, бірден Алматыға көшіп кеттім. Білмегендерімнің бәрін осы Алматыдағы фирмада жүріп үйрендім.

Нұржан Ділмәнов домбыра жасау үстінде

"Қазақстандық және шетелдік ағаштың айырмашылығы — жер мен көктей"

— Домбыра жасауда ағашты дұрыс таңдау маңызды. Сіз көбінесе қандай ағаш түрлерін пайдаланасыз?

— Шеберлердің бір домбырасы 4-5 түрлі ағаштан жасалады. Сол себепті, бір домбыра бір ғана ағаштан жасалады деп ойлау қате. Өзімізде өсетін ағаштардан жасалатын домбыралар арзан болады. Ал шетелден әкелінетіндер қымбат. Өйткені ол ағаштардың сапасы жақсы, құрылымы жағынан тығыз болып келеді. Мысалы, Қазақстанда қызыл және қара ағаш мүлдем өспейді. Бізде еменнің бір ғана түрі өссе, шетелде оның бірнеше түрі бар. Яғни бізде өсетін ағаш пен шетелдің ағашын салыстыруға келмейді. Бірақ, бұл ағаштардың бәрін қазіргі таңда елімізден табуға болады. Ол үшін қалтаңызда ақшаңыз болса жеткілікті. Барлығын да елімізге әкеліп қойған.

— Домбыра қалай жасалады?

— Біз ең бірінші тапсырысқа сай ағаш сатып әкелеміз. Қара ағаштан немесе жаңғақтан домбыраның шанағын кесіп шығарамыз. Оның қалыңдығы 3 миллиметрдей болады. Үшінші қалыңдығы 2,5 немесе 3 сантиметр болатындай етіп домбыраның мойын ағашын кесеміз. Осы мойын ағаш адамның қолы үшін өте ыңғайлы болуы керек. Кейін шанақты қалыпқа салып иіп, пешке күйдіреміз. Тұлыбы құралған соң, домбыраның құлағы орналасатын бас ағашты жабыстырамыз. Осыларды дайындап болғаннан кейін бетін дайындауға кірісеміз. Оның өзіне төрт түрлі ағаш қажет. Бөліктерді өзара желімнің көмегімен жабыстырып отырамыз. Дайын болғанда домбыраны әбден сүргілеп, оюын салып, лак жағамыз. Соңында құлағын салып, ортасын тесеміз және ішек байлаймыз.

Нұржан Ділмәнов жасаған домбыралар

— Бір домбыраны жасап шығару үшін неше күн кетеді?

— Бізде бір домбыраға 3-4 күн кетеді. Бірақ, күнделікті бір домбыра дайын болады. Әдетте көп уақытты желім алады. Себебі, оның кепкенін 24 сағат күтіп отыра алмаймыз. Ол кепкенше келесі домбыраны жасауға кірісеміз. Шүкір, айына осылайша 30-40 домбыра жасап шығарамыз.

Неге шебер домбырасы қымбат болады?

— Қазір шеберлер табиғи ішек пайдалана ма?

— Өкінішке орай, жоқ. Кезінде ол қой мен ешкінің ащы ішегінен жасалатын. Қазір оларды табу қиын болып кеткендіктен, жасанды ішектер пайдаланамыз. Бірақ бұл баяғы ішектерге жетпейді. Бұрынғы ішектерді салсаңыз, домбыраңыздан қоңыр дауыс шығар еді.

1 / 11
Шебер Нұржан Ділмәновке берілген алғыс хат
2 / 11
Шебер Нұржан Ділмәновтің алғыс хаты
3 / 11
Сылдырмақ аспабы
4 / 11
Жетіген аспабы
5 / 11
Қамшы
6 / 11
Нұржан Ділмәновтің шеберханасында дайындалып жатқан домбыралар
7 / 11
Киіз үй - радио
8 / 11
Нұржан Ділмәнов, аспап жасайтын шебер
9 / 11
Нұржан Ділмәнов домбыра ағашын өлшеп жатыр
10 / 11
Шебер Нұржан Ділмәновтің жас кезі
11 / 11
Шебер Нұржан Ділмәновтің жас кезі

— Домбыра таңдайтын кезде не нәрсеге мән беру қажет?

— Көп адам "Неге шеберлердің домбырасы қымбат?" деп жатады. Өйткені, шебер жасайтын аспап пен базарда сатылатын домбыраның сапасы мен жасалатын материалдары жер мен көктей. Кез келген шебер ең жақсы жарнаманың сапалы өнім шығару екенін түсінеді. Ертең мен жасап берген домбыра бұзылып қалатын болса, тұтынушы екінші рет маған келмейді. Яғни біз өз атымызға жұмыс істейміз. Мұнымен қатар, шеберлер домбыраның дыбысына да үлкен мән береді.

Әрине, базардағы домбыраны да жамандауға келмейді. Себебі, ол жақтағы домбыра өзінің сатылып тұрған бағасына сай. Олар қарапайым қарағайдан жасалып, бетіне сапасыз бояу жағады. Базарда тұрған домбыраның дыбысы да тез бұзылып, мойны қолға ыңғайыссыз болып келеді. Қалай десек те, бұлай сапасыз жұмыс істеген дұрыс емес деп ойлаймын.

Нұржан Дәлменов домбыра жасап жатыр

— Сіздің шеберханаңызда домбыра бағасы қанша теңгеден басталып қаншаға дейін барады?

— Домбыраның қымбат немесе арзан болуы жасалатын материалы мен дыбысына байланысты. Менің шеберханамда 3-7 жастағы балаларға арналған ең кішкене домбыраның бағасы — 3,5 мың теңге. Ал ең қымбат домбыра — 500 мың теңге.

"Шәкірттерімнен ақы көрген емеспін"

— "Домбыраның дыбысын зерттеп кетемін" дедіңіз. Өзіңіз аспапта ойнай аласыз ба?

— Жалпы өзім 52 түрлі аспап жасаймын. Кеңінен көсіліп күй тартпасам да, азын-аулақ аспаптардың дыбысын ретке келтіретін білімім бар. Бірақ алдағы уақытта домбыраны міндетті түрде үйреніп алсам деген ниетім бар. Үйімде менен басқаның бәрі домбырада ойнайды.

Шебер Нұржан Ділмәнов жасаған ыдыстар

— Өзіңізден домбыра жасауды үйреніп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Сізден бұл өнерді үйренемін деушілер айына қанша ақша төлейді? Бұл сұрақ оқырмандарымыз үшін қызық деп ойлаймын.

— Домбыра жасау үшін адамға бірінші кезекте темір жүйке керек. Бұл өнерді көп адам игере алмайды. Кейбір адамдар шеберханаға домбыра жасауды үйренемін деп келеді де, ертесінде-ақ кетіп қалады. Жуырда "Шабытта" 4-курста білім алып жатқан бір жігіт келді. Қазір осы шәкіртіммен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Маған аптасына үш рет келіп тұрады. Осы күнге дейін үйренемін деп келгендерден ақша алып көрмеппін. Керісінше бір, бір жарым айда үйреніп кетсе, мен жұмысқа алып, оларға ақша төлей бастаймын. Ал "Жеке өзім үшін керек, үйреніп алған соң басқа жерде жұмыс істеймін" деушілерден ақы алуым мүмкін. Бірақ ол аса көп болмайды. Менің өзім бұл салада 18 жыл істесем де, әлі үйренерім көп деп ойлаймын.

— Ал өзіңіздің балаларыңыз осы өнерге қызыға ма? Болашақта ізбасарларыңыз болуы мүмкін бе?

— Тұңғышым — қыз бала. Қазір 5-сыныпта білім алып жатыр. Ол аса қызыға қоймайды. Десе де балаларымның болашақта кім боларын уақыт көрсетеді. Ал 5 жасар кіші ұлым керісінше осы шеберханаға келгенді жақсы көреді. Осы жерде жүріп барлық ағашқа шеге қағатын әдеті бар. (Күлді.) Болашақта осы өнерді үйренуі әбден мүмкін деп ойлаймын. Бір шетінен әйелім де жанымда домбыралардың бетіне ою-өрнектер салып көмектеседі.

Нұржан Ділмәновтің шеберханасы

— Домбыраның бетіне салу үшін ою-өрнектің қай түрін көбірек пайдаланасыздар?

— Қазақта оюдың түрі өте көп. Өзіміз негізінен қошқар мүйіз ою-өрнегін пайдаланамыз. Кейде тапсырыс берушілер белгілі бір оюды салып беруімізді сұрайды. Мүмкіндігінше қалағандарын салып беруге тырысамыз. Барлығы сұраныспен тікелей байланысты. Кейде ою-өрнектің орнына адамның атын жазуды сұрайтындар да бар. Мұнымен қатар, қиындау оюдың бағасы қымбаттау болатынын айтқым келеді.

"Құдайға шүкір, 18 жылда басқа кәсіпке ауысқым келмеді"

— Астанада домбыра жасау бизнесі қаншалықты жолға қойылған? Жалпы бұл бизнеспен отбасыны асырауға бола ма?

— Дәл қазір Астанада домбыра жасайтын 4 қана шебер бар. Ал Алматы қаласында жүз шақты шебер бар. Шебер көп болған сайын сапа артады. Бір орында қалып қоймай, одан әрі іздене түсесің. Әрине, домбыра нан емес үнемі өте беретін. Десе де, Құдайға мың да бір шүкір, үш баламды асырауға жетіп отыр. Осы күнге дейін белгілі бір себептермен басқа салаға ауысамын деген ой болмады. Бастысы шығарған өнімің жақсы болса, тұтынушылар сені өздері-ақ іздеп келеді. Ал егер көңілі қалса, екінші рет келмейді. Сол себепті, тек коммерциялық жағын ғана ескермей, домбыраны шын ниетіммен жасауға тырысамын. Оның үстіне 52 аспаптың ішінде домбырадан бөлек, жетіген аспабы да өте жоғары сұранысқа ие. Қазір Қазақстан бойынша осы аспапқа сұраныс артып отыр.

Нұржан Ділмәнов жасаған жетіген аспабы

— Сұхбатыңыз үшін көп рахмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

— Сіздерге де рахмет. Халқымыздың қанына сіңген ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеп, ұлттық аспаптарымызды ұлықтайтын азаматтарымыз көп болсын!