Қоғам

Қайрат Нұртас пен Қарақат Әбілдина елші атанды

Денсаулық сақтау министрі өнер жұлдыздарына төс белгі мен сертификат табыс етті
Sputnik

АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақ эстрадасының жұлдыздарына "Денсаулық елшісі" атағын берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан

Бүлдіршіннің арманын орындаған Қайрат жұртты сүйсіндірді - видео
Біртанов халық жақсы танитын танымал адамдармен денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелерді көтеру, мың жиналыстан да тиімді болуы мүмкін екенін атап өтті.

"Соңғы жылдары көріп отырмыз, спортпен айналысатын адамдардың саны көбейіп келеді. Осы жұмысқа еліміздегі белгілі, халық танитын, сыйлайтын сіздер сияқты азаматтарды қосып, жұмыс істесек деген ойымыз болды. Ұсынысымызды қолдап келгендеріңізге рақмет. Жұлдыз ретінде сіздердің халыққа деген ықпалыңыз өте жоғары. Қазақстанның денсаулық елшілерімен бірге салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, медициналық қызметті дұрыс әрі қауіпсіз алу мәселелерін көтеретін боламыз. Біз қанша мың жиналыс өткізсек те, сіздердің бір ауыз сөздеріңіз одан да тиімді болуы мүмкін", — деді министр Алматы декларациясының 40 жылдығына арналған конференция аясында әншілермен кездесу барысында.

Қазақстандағы ең алғашқы денсаулық елшісі атанғандар қатарында әнші Қарақат Әбілдина, Қайрат Нұртас, Нұрлан Әлімжанов, әнші, кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендір бар. 

Біртанов денсаулық елшілеріне төс белгі мен сертификат табыс етті. 

Марапаттау рәсімінен кейін әнші Қарақат Әбілдина министрге алғысын жеткізді. 

"Салауатты өмір салтын насихаттау – әрбір адамның парызы. Сондықтан да бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы тұрғыда белсенді жұмыс атқарамыз. Аманаттарыңызды жеткізуге, алтын көпір болуға, елші деген атымызға лайықты салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, әдемі өмір сүруге шақыратын боламыз", — деп сендірді әнші.

Министр Қарақат Әбілдинаға ана мен бала денсаулығы мәселесі бойынша да бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды.

Ал танымал әнші Қайрат Нұртас әріптестерінің сөзіне қосылатынын жеткізді.

"Қып-қызыл жала!". Қыдырәлі мен Қарақат өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарды
"Алдымызда тұрған міндет жастарды – денсаулық сақтау мәселесіне тарту. 40 жыл бұрын Алматыда ерекше декларацияға қол қойды. Ол дүние жүзіндегі маңызды құжат болып отыр. Биыл 25-26 қазанда алғашқы медициналық көмекке арналған халықаралық конференция өтеді. Қазіргі күнде 130 мемлекеттен делегация келеді. 1400-ден астам азамат қатысады. Мыңнан астамы шетелден келе жатыр. Сіздерді конференцияға қатысуға шақырамын. 24 қазанда Астанада Ботаникалық бақта "Сөзден іске" деген ерекше халықаралық шараға да шақырамын. Бірге бас қосып, халыққа дұрыс идеяларды жеткіземіз деп ойлаймын", — деді эстрада жұлдызы.