АСТАНА, 22 қазан – Sputnik. Осымен төртінші жыл Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбай қазір француз тілін үйреніп жатыр. Бұл туралы бүгін сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің жетекшісі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Оның жағдайы жақсы, әдеттегідей біздің консул оған жиі барып тұрады. Кітап, тамақ, сұраған нәрсесінің барлығын апарады. Қазір ол француз, ағылшын тілдерін оқып жатыр. Сосын қасындағы Қытай азаматтарына ағылшын тілін үйретіп жүр. Өзі қытай тілін жетік меңгеруде", — деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
Министрлік өкілі Ақжарқынның ісіне қатысты еш өзгеріс жоқ екенін айтты.
"Қытай сотының шешімін күтіп отырмыз. Қытай сотының отырысы әлі өткен жоқ", — деді ол.
Еске сала кетсек, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурызында есірткі тасымалдады деген күдікпен Гуанчжоу қаласының әуежайында ұсталған болатын. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болды. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
Ақжарқын Тұрлыбайдың отбасы қаржыдан қатты қиналып отыр
Кейін апелляциялық инстанция соты өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді жойды.
2016 жылдың қарашасында Тұрлыбайдың ісі бойынша апелляциялық тыңдау өтті.