Өңірлер

"Вышка" әнін айтқан балалар ақтөбеліктердің ашуын келтірді

Видеода балалар өздеріне тән емес әнді орындаған
Sputnik

АҚТӨБЕ, 22 қазан – Sputnik. Ақтөбе қаласы әкімдігінің Instagram желісіндегі akimat_aktobe парақшасында 21 қазанда видео жарияланды. 10-11 жастағы балалар тобы - "Радуга" өнер мектебінің шәкірттері "Вышка" әнін орындаған.

Ән Ақтөбеде жаңа супермаркеттің ашылу салтанатында жарияланған. Балалар жеріне жеткізіп, жақсы орындапты. Соған қарамастан, бұл ән әкімдік парақшасы оқырмандарының қатал сынына ұшырады.  Балалар шырқаған ән 18+ категориясына жатады. 

"Строишь глазки, что за страсть?… Я просто в шоке, твое тело – просто космос… Все ближе, ближе… Моя малышка, твоя улыбка — самая вышка", — әннің осы бір сөздері кей желі қолданушыларының ашуын туғызды.

"Түсінемін, бұл – сәнге айналған хит ән, кіп-кішкентай балалардың орындағаны құлаққа түрпідей тиеді екен, қоғамның қалай ұсақталып бара жатқанын түсінесің. Біздің кезімізде достыққа, бейбітшілікке, өмірге деген құштарлыққа баулитын, соған сай ән айтатынбыз. Мұндайды аузымызға алмайтынбыз", — дейді желі қолданушыларының бірі.

Бұл әнмен 13 жастағы қазақ қызы Италия жұртын аузына қаратты – видео

"Балалардың әнінің сиқын: "твое тело просто космос", - деп тағы бір оқырман жағасын ұстады.

Бұл әнде тұрған не бар деп сыншыларды жөнге салғандар да табылған.

"Радуга" өнер мектебінің директоры Анара Қаңтарбаева Sputnik Қазақстан тілшісіне неге осы әннің таңдалғанын түсіндірді.

"Авторы кім екенін білмедім, жастардың әні ғой. Халық алдында өнер көрсеткенде, үлкен-кіші бірігіп билеуі үшін ырғақты әндер керек. "Прекрасное далеко" әні айтылса, балалар тарқап кетер еді. Жұрттың назарын аудару керек. Қазақ тіліндегі әнді неге жарияламай, неге осы әнді таңдағандарын білмеймін... Ал сайттағы пікірлерге келер болсақ, жұрт айта береді ғой", — дейді директор.

Ақтөбе әкімдігі парақшасындағы видео жайында ешқандай пікір айтпады.