Әлем

Дәрігерлер сәбидің көзінен 11 құрт алып шықты – жұрттың зәресін алған фото

Дәрігерлердің айтуынша, баланың көзі үй жануарларының кесірінен құрттап кетсе керек
Sputnik

АСТАНА, 20 қазан — Sputnik. Қытайдың Шэньси провинциясындағы Сиань қаласында жергілікті ауруханаға әйел адам бес айлық баласын алып келеді, дәрігерлер сәбидің көзінен 11 тірі құрт алып шыққан.

Daily Mail басылымының жазуынша, бес айлық сәби жылай берген соң, анасы ауруханаға алып келсе керек.

Баланы мұқият тексерген дәрігерлер көзінде құрт барын анықтайды. Паразиттер сәбидің көз алмасының астыңғы жағына толып алған екен. Құрттан тазарту операциясы бірден жасалды. Баланың көзінен барлығы 11 құрт шықты.

Сәби жұқтырған инфекция дәрігерлерге жақсы таныс. Қытайда Thelazia callipaeda жұқпалы дерті жарты ғасыр бұрын анықталған болатын. Дәрігерлер анасына сәбиге бұл аурудың ит немесе мысықтан жұққанын түсіндірді. Сол кезде әйел  баласының көршінің жануарымен ойнағанын еске алады.