АСТАНА, 19 қазан — Sputnik, Қарлыға Бүйенбай. Қазақстан Республикасының әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 615-бабына сәйкес, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен азамат 2 АЕК мөлшерінде (4 810 теңге) айыппұл төлейді. Сондай-ақ, мұндай жаяу жүргіншілер ережесін бір реттен көп бұзған қазақстандықтарға қанша көлемде айыппұл салынатынын Астана қаласы адвокаттар алқасының қорғаушысы Жандос Есенқұлұлы Тұяқов түсіндіріп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, 3-тармағына сәйкес әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекеті үшін 164 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өткендер қанша теңге айыппұл төлейді?
Елімізде әкімшілік-құқықбұзушылық кодекстің 615-бабының 1-бөлігіне сәйкес, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен азамат 2 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Ал 2018 жылы 1 АЕК мөлшері 2 405 теңгені құрады. Заңнаманың осы бөлігінде әкімшілік жаза тағайындалғаннан кейін жаяу жүргіншілер ережесін бір жылға жетпейтін уақытта бұзған азаматқа 10 АЕК (24 050 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, бұл ережені екі реттен көп бұзған азаматтар үш тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.
"Айыппұл сот арқылы салынбайды. Ол үшін жол ережесін бұзып тұрған азаматты көрген полиция құжаттама толтырса жеткілікті. Айыппұл төлеуге арналған реквизиттерді сол жерде полицейден, кез келген банк пен полиция бөлімшесінен алуға болады. Ал полицейдің жол ережесін бұзу туралы берген хаттамасымен келіспеген жағдайда, адамдар 10 тәулікке дейін ауданаралық әкімшілік сотқа жүгінулеріне болады", — деді қорғаушы Жандос Тұяқов.
Тағы оқыңыз: Алматы облысында бойжеткен жүргізуші куәлігін сатып алғанын айтып мақтанды
Заң қызметкерінің айтуынша, заңнамада камераға қарап айыппұл салу қарастырылмаған. Себебі, бізде камералардың шетелдегідей түрге қарап адамның аты-жөнін анықтау мүмкіндігі жоқ. Десе де, ол азамат өзінің жаяу жүргіншілер ережесін бұзғанын мойындамаса, дәледеме ретінде қолданылады. Сондай-ақ, қорғаушы айыппұлдың төлену мерзіміне тоқталды.
Айыппұл төлемегендерге қандай жаза қолданылады?
"Өзіне міндеттелген айыппұлды адам бір ай көлемінде төлеуі тиіс. Бірақ алғашқы 7 күн ішінде төлесе, белгілі бір жеңілдіктер жасалады. Ал жаяу жүргіншілер ережесін бұзушы айыппұлды төлемесе, сот орындаушы оған атқару парағын жіберіп, мәжбүрлі түрде ол айыппұлды өндіріп алуға құқығы бар", — деді қорғаушы.
Сондай-ақ, Жандос Тұяқов қылмыстық кодекстің 366 және 377-бабында пара алу бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын айтып өтті. Десе де көп жағдайда пара алу бабының бірінші бөлігі бойынша полицейлер алған пара мөлшерін 50 есеге дейін көбейтіп айыппұл төлейді. Егер бұл айыппұлды төлей алмаса, бас бостандығынан айырылады.