Мәдениет

Ресей телеарнасының барлық көрермені Димаштың бейнебаянына дауыс берді

Димаш Құдайбергеннің бейнебаяны Муз-ТВ көрермендерінің 97% дауысына ие болды
Sputnik

АСТАНА, 19 қазан – Sputnik. Димаш Құдайбергеннің Screaming әнінің бейнебаяны "Музраскрутка" бағдарламасында ең көп дауыс жинады. Бұл туралы әншінің әкесі әрі продюсері Қанат Айтбаев Facebook желісінде жазды.

Ресейдің Муз-ТВ арнасындағы "МузРаскрутка" бағдарламасының шарты бойынша, ең жоғары ұпай жинаған клип арна эфирінде тегін ротацияланатын болады. Айта кетсек, әр бағдарламада арна алты жаңа бейнебаянды таңдап, бір ай бойы эфирде көрсетеді. Осы уақыт ішінде көрермендер өздері ұнатқан видеоға дауыс береді. Ал телеарна дауыс санын есептеп отырады.

Интернетте дауыс беру нәтижесі бойынша, Димаш Құдайбергеннің орындауындағы Screaming әні 97% дауыс жинап, Муз-ТВ эфирінде тегін көрсетілетін болды.

"Дауыс беріп, үлкен қолдау білдірген барлық жанкүйер, тыңдарман қауымға үлкен алғыс айтамыз!", — деп Қанат Айтбаев ризашылығын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, Димаш "Хунан ТВ" қытай телеарнасындағы Singer-2017 шоуына қатысқаннан кейін бүкіл әлемге танылды.