Қоғам

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе жастарына өз ақылын айтты

Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі "Әсем" білім беру және таным орталығына барды
Sputnik

АСТАНА, 16 қазан — Sputnik. Мемлекет басшысы дарынды балаларға арналған орталықтың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ақорда. 

Теміртауда Назарбаев жастық шағының әнін айтты - видео
Білім мекемесінің мақсаты – балалардың зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамыту үшін қолайлы жағдай жасау.  

Орталықтың тәрбиеленушілері президентке оқу аудиториялары мен лабораториялық кабинеттерді көрсетті.  

Нұрсұлтан Назарбаев жас жеткіншектерге "Болашақ" стипендиясы, Назарбаев Университеті, Назарбаев Зияткерлік мектептері және олардың жалпы ел экономикасына тигізіп отырған пайдасы жөнінде әңгімелеп берді.

"Облыс жастары мұнай-газ саласы бойынша білім алуға тырысады. Бүгінде мұнай бағасы қалыпты, бірақ бірнеше жылдан кейін оның құны төмендеп, мұнай өндіру азаюы мүмкін. Сондықтан, болашақта сұранысқа ие болатын білімді таңдау қажет", – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қазақстан президенті жұртшылықпен  әңгімелесу барысында Ақтөбе облысының еліміздегі тез өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі екенін атап өтіп, 20 жыл ішінде Ақтөбе қаласының тұрғындары екі есе көбейгенін және қазіргі уақытта жарты миллионнан асқанын айтты.