АСТАНА, 12 қазан — Sputnik. Астанада Олжас Сүлейменовтің немересі, 27 жастағы Ескендір Сүлейменов қаза тапқан жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы өтті.
Ескендір Сүлейменов пен Қызылорда облысы ішкі істер департаменті бастығының қызы Малика Мұхитова 22 маусым күні Астанадағы көше қиылыстарының бірінде жол апатына ұшыраған болатын.
Астана қаласы Есіл ауданының екінші қалалық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы отырыс басталғаннан кейін 29 жастағы Малика Мұхитоваға Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабы үшінші бөлігі (жол қозғалысы ережесін бұзу) бойынша айып тағылып отырғанын мәлімдеді.
Содан кейін қос тарап тыңдалды. Мұхитованың адвокаты Дмитрий Куряченко үш пункт бойынша: сот талқылауын кейінге қалдыруға, іс бойынша қосымша куәгерлерді шақыруға және Мұхитованың автокөлігінің жылдамдығын анықтау үшін қосымша сараптама жүргізуге өтініш берді.
Адвокаттың айтуынша, жүргізілген екі тексеріс мотоцикл жүргізушісі Ескендір Сүлейменовтің қозғалыс жылдамдығын ғана анықтаған.
Ескендір Сүлейменовтің үйленуді жоспарлап жүргені белгілі болды
"Сарапшылар автокөліктің жылдамдығын анықтамады, қыз жолды кесіп өткен уақыт анықталды, алайда оған жылдамдық режиміне қатысты айып тағылып отыр. Бұл оның заң бұзушылықтарының бірі саналады. Оқиғаның қисынына сүйене отырып, адамды жылдамдықты асырды деп айыптаудан бұрын, сол жылдамдықты анықтау керек екенін жақсы түсінемін. Ескендір Сүлейменовтің жылдамдығы сағатына 88 шақырымды құраған. Сарапшы осындай тұжырымға келді" — деді қорғаушы журналистерге.
Астанада жол апатынан ақын Олжас Сүлейменовтің немересі көз жұмды
Сонымен қатар, Дмитрий Куряченко айыпталушы тараптың зардап шеккен тарапқа материалдық шығынды төлеуге дайын екенін мәлімдеді.
"Сот зардап шегушінің өкілі Сандинов Дамир Нұрахметұлының өтінішін қанағаттандырып, қылмыстық істі қарауды 17 қазан сағат 15.00-ге кейінге қалдырады", — деді судья Қанат Тобағалиұлы.
Айыпталушы Малика Мұхитова "Самұрық-Қазына" ұлттық компаниясында жұмыс істейтіні белгілі болды, тұрмыс құрмаған, бұрын сотталмаған.
27 жастағы Ескендір Сүлейменов автокөлікпен соқтығысқан кезде мотоциклмен келе жатқан. Оқиғадан кейін Астана қаласының ІІД бастығының орынбасары Санжар Әділов мотоцикл жүргізушісі жылдамдық режимін бұзбағанын хабарлады. Ескендір Сүлейменов Алматыда 25 маусым күні жерленді.