АСТАНА, 8 қазан — Sputnik. Қазгидромет алдағы үш күнге ауа райы болжамын ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Батыс тропосфералық ағындар ақырындап солтүстік-батыс жəне солтүстікке ауысатын болады. Алдағы үш тəулікте Ресейдің Еуропалық бөлігінің солтүстік өңірлерінен жылжитын арктикалық фронттардың ықпалынан республиканың көптеген облысында жаңбыр жауады, кейде жабысқақ қарға ұласуы мүмкін", — деп хабарлайды синоптиктер.
Бұл күндері ауа температурасы 0°С-ден төмен болады деп болжанып отыр.
Қазақстанның оңтүстік жəне оңтүстік-шығысында күн суытады, мұнда да кей жерде жаңбыр жауады, таулы жерлерде жаңбыр соңы қарға ұласады.