АСТАНА, 8 қазан — Sputnik. Айтыстың мақсаты бас шағып, көз шығару немесе біреуді жамандау емес. Керісінше еліміздің абыройын көтеріп, жақсы жаңалықтарымыз бен жетістіктерімізді жеткізу. Осылай деп пікір білдірді Қазақстан еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман ҚР мәдениет және спорт министрлігінде өткен конференция барысында, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
2018 жылы 20-21 қазан аралығында "Қазақстан" орталық концерт залында Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен елорданың 20 жылдығына арналған "Жыр арқауы — Астана" атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Осы орайда Жүрсін Ерман айтыстың басты мақсаты біреуді жамандау еместігіне тоқталды.
"Айтыстың мақсаты — бас шағып, көз шығару немесе біреуді жамандау емес. Қайта-қайта осы еліміздің абыройын көтеріп, жақсы жаңалықтарымызбен, сондай-ақ, жетістіктерімізбен бөлісу. Ақындар алаңдатып отырған мәселелер мен құбылыстарды жырлайды", — деді Жүрсін Ерман.
Әрі қарай қоғам қайраткері аталған халықаралық айтысқа Қазақстанның атынан қай ақындардың қатысатынына тоқталды.
"Жыл басынан бері әртүрлі аймақта өткен айтыстарда ақындардың бабын байқадық. Солардың ішінен суырылып шығып Астананың 20 жылдығын жырлай алады деген ақындарды таңдауға тырыстық. Сондай-ақ, Қазақстанның түкпір-түкпірінен айтыскерлердің қатысқанын қаладық. Мысалы, күні кеше Қостанай қаласында өткен айтыста бас жүлде алған Мұхтар Ниязов қатысқалы отыр. Халықаралық деңгейдегі сайыс болғандықтан, жастарымыз да қатыссын деген ниетпен үш ақынға сенім артып, бәйгеге қосып отырмыз", — деді Жүрсін Ерман.
Балғынбек айтыстағы "әділетсіз" қазылар туралы айтты
Іс-шараға Қытай Халық республикасынан Минатхан Ұларбек, Дәулетқызы Жәмиға, Моңғолиядан Рашат Айдос пен Қуантқан Аманжол, Қырғыз Республикасынан Асылбек Маратов, Усупбек Уулу Мундузбек сынды шетелдік саңлақ ақындар мен республикамыздың облыстық және республикалық маңызы зор қалалық айтыстардың жеңімпаздары Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Мұхтар Ниязов және т.б.-лар қатысады.
Әділқазы мүшелері — ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдулвахап Кара, белгілі ақын, жазушы Шынай Рахметұлы, айтыс ақыны Әсия Айыпқызы.
Бас жүлдеге — 5 000 000 теңге, І орынға — 2 500 000 теңге, ІІ орынға — 2 000 000 теңгеден 2 адамға, ІІІ орын — 1 000 000 теңгеден 2 адамға беріледі. Сондай-ақ, 350 мың теңгеден жұбаныш сыйлықтар үлестіріледі.