Экономика

Осы аптадан бастап қазақстандықтарға баспана үшін миллион теңгеден беріледі

"7-20-25" бағдарламасы аясында азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаты шығарылады
Sputnik

АСТАНА, 8 қазан – Sputnik. "Баспана" ипотекалық ұйымы бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификатын береді. Сертификаттың орташа номиналы 1 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды .

Қазақстанда 1 қазаннан бастап не өзгереді?

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында "7-20-25" бағдарламасы бойынша баспаналы болғысы келетін бюджеттік сала қызметкерлеріне тұрғын үй сертификатын беруді тапсырған еді. Қазақстандықтардың алғашқы жарнасын жеңілдету үшін "Баспана" ИҰ 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификатын шығаруды жоспарлап отыр. Жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат табысталмақ. 

Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіреді.

"Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз "Нұр Отан" партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бағытындағы жұмыстарды бастап кеттік. Осы аптадан бастап әр өңірлерде "7-20-25" сертификаттарын бере бастаймыз", — деді "Баспана" ИҰ басшысы Қайрат Алтынбеков. 

Қазақ дәл қазіргідей ешқашан өмір сүрген жоқ – Елбасы

"7-20-25" сертификатының орташа номиналы 1 миллион теңгені құрайтын болады. Демек, жергілікті атқарушы органдар тарапынан "7-20-25" бағдарламасына қатысуды ынталандыру үшін кем дегенде 50 миллиард теңге бөлінбек.

Еске сала кетсек, қыркүйекте "7-20-25" бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандату мақсатында "Жас арман" және "Қамқор баспана" өнімдері әзірленіп, өңірлерде іске асырыла бастаған еді. Енді өнімдер біріктіріліп, алғашқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік жұмыс "7-20-25" сертификаттары аясында кеңінен жүргізілмек.