АЛМАТЫ, 8 қазан — Sputnik. "7-20-25" мемлекеттік бағдарламасы бойынша алғашқы жарнаға бір миллион теңге елдің бәріне бірдей берілмейді. Бұл жайында бүгін "Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков айтты. Ол тұрғын үй сертификаттары түрінде берілетін қаржыға ие болудың шарттары жайында мәлімет берді.
"Осы тапсырма аясындағы жоспарымыз бойынша, әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдар сертификаттарды, президент айтқандай, әлеуметтік және бюджеттік сала қызметкерлеріне — ұстаздар, дәрігерлер, полицейлер және тағы басқаларына беретін болады", — дейді Алтынбеков.
Оның сөзіне сүйенсек, сертификаттың орташа мәні бір миллион теңге болмақ. Азаматтың қандай сомада сертификат алатыны пәтердің құны байланысты – қалай болғанда да сертификат баспана құнының 10%-ынан аспайды.
Жас отбасылар мен мұғалімдерді баспанамен қамитын жоба басталды
"7-20-25" бағдарламасы бойынша бастапқы жарна 20%, оның жартысы, яғни соманың 10%-ы жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржылай көмек ретінде беріледі", — деп түсіндірді ипотекалық ұйымның басқарма төрағасы.
Сертификаттың екі түрі
Ипотекалық сертификаттар екі схема бойынша беріледі. Кей қазақстандықтар оны тегін алады.
"Ипотекалық сертификаттарды берудің екі нұсқасы бар: қайтарымсыз әлеуметтік көмек ретінде ұсынылады немесе ұзақмерзімді пайызсыз несие ретінде беріледі", — дейді Қайрат Алтынбеков.
Қайтарымсыз әлеуметтік көмек қалалық мәслихаттар көмегімен үлестірілетін болса, пайызсыз несиенің ережелері туралы әлі хабарланған жоқ. Алтынбековтың айтуынша, жобаның бүге-шігесі мен орындалуына әкімдіктер жауапты, сертификаттарды беру ережелері мен тәртібін де солар бекітеді.
Жергілікті атқарушы органдардың қаражатты бөлуін ешбір құзырлы орган қадағаламайды. Ал әкімдіктер қабылдаған сертификат беру тәртібі әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін.
Сертификаттар қашан беріледі
Тұрғын үй сертификаттары осы айдан бастап беріледі деп жоспарланған.
Бастапқы жарнаның жартысын төлеуге барлығы 50 миллиард теңге бөлініпті.
Өткен айда инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек "7-20-25" бойынша пәтер алу үшін бастапқы жарнаға қаражаты жетпейтін отбасыларға көмек көрсету жайында сөз қозғаған болатын. Сол кезде пайызсыз қарыз беру мәселесі көтерілген еді.
Министрдің айтуынша, "Баспана" құрған екі бағдарлама әкімдіктердің көмегімен жүзеге асады.
Қыркүйек айының басында жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін "7-20-25" бағдарламасы бойынша бастапқы жарнаны 10%-ға дейін қысқарту туралы меморандумға "Баспана" ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент әкімі Ғабидулла Әбдірахымов қол қойған. Дәл осындай келісімді Ақтөбе облысы басшылығы да жасасты.