Мәдениет

Мейрамбек Беспаев туралы не білеміз?

Қоңыр дауысты үнімен көптің сүйіктісіне айналған әнші Мейрамбек Беспаевтың өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз.
Sputnik

Мейрамбек Беспаев – қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, "Музарт" тобының солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1976 жылдың 7 қарашасында Жамбыл облысы Талас ауданында туған. Тараз қаласындағы №37 қазақ орта мектебінде оқыған. Содан соң осы қаладағы Глинка атындағы музыкалық мектептің қобыз сыныбын тәмамдаған. 1989 жлы Алматыдағы К. Байсейітова атындағы музыкалық мектепке ауысады. 1994-1998 жылдар аралығында Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының драма, кино, актер факультетін бітірген.

Белгілі профессор Мейрамбек Бесбаевқа неге шүйлікті?

Мейрамбек Беспаевтың отбасы мен балалық шағы 

Мейрамбек – отбасында үш ағайынды. Үйінің тұңғышы, өзінен кейін Айнұр, Гүлнұр есімді екі қарындасы бар. 

Әкесі – Әбіләшім Беспаев, анасы – Жібек Жолдасова. Әнші ата-әжесінің қолында тәрбиеленген. "Әжем керемет ән айтатын, әншілік маған сол кісіден дарыған шығар", — дейді жұлдыздың өзі. 

Бала кезінде футболға қызығып өскен Мейрамбек есейгенде дәрігер болуды армандапты. Алайда өнерге деген құштарлығы басым түскен. Сонымен қатар, кішкентай кезінде қолына қағаз-қарындашын алып, жиі сурет салған. 

Тағы да оқыңыз: 

Қазір әншінің хоббиі – кептер өсіру. 

Өзінің айтуынша, ата-анасынан бала кезден бөлек тұрып, өз бетінше өмір сүруге үйренген.

Әнші Мейрамбек күллі қазаққа қалай танылды?

Бүгінде қоңыр дауысты үнімен әр қазақтың жүрегіне жол тапқан Мейрамбек Беспаевты дүйім жұртқа танымал еткен "Бозторғай" әні еді. Жетім баланың зар-мұңын жүрекке жеткізе білген қаршадай баланы жұртшылық "қазақтың Бозторғайы" атап кетті. Тіпті осы әнді орындағаннан кейін ел арасында "Мейрамбек  жетім екен, оны біреулер асырап алған көрінеді" деген сынды қаңқу әңгімелер тараған.

Мейрамбек Беспаевты алғаш рет киелі сахнаға шығарып, әншінің жұлдызын жаққан – бас ұстазы Алтынбек Қоразбаев.

"Туфлиін шешіп алып ұратын". Жұлдыздар мектептегі қызықты оқиғаларын айтып берді

"Мен сияқты талантты балалар көп болды. Бірақ Алтынбек Қоразбаевтың көзі маған түсіп, мені шәкірт етіп, үлкен өнерге әкелгеніне өте қуаныштымын. Өнер әлемінде көп қиындық көрмей өскенім – сол кісінің арқасы болар", —деген еді әнші бір сұқбатында. 

"Бозторғай" әнінен кейін бала Мейрамбектің танымалдылығы артады. Ұстазы Алтынбек Қоразбаевпен бірге қара домбырасын қолына алып, ауыл-ауылды аралап, гастрольдік сапарларға шыққан. 

"Бала кезде гастрольдік сапар көп болды. Алтынбек аға екеуміз көлікке отырып аламыз да, кез келген ауылға кіріп кетіп, концерт беретінбіз. Қиын-қыстау, елде ақша жоқ замандарда тегін концерт берген кездеріміз болды. Бірақ сол кездегі көрерменнің өнерге деген сүйіспеншілігі өте ерекше болатын. Әсіресе домбыраға, домбырамен айтылатын ескі әуендерге. Қазір заман өзгерді, тыңдарманның талғамы басқа болып кетті. Сол күндерді кейде сағынамын", — деп еске алған еді бір сұқбатында.

Тағы оқыңыз:

Әнші шығармашылығының ең жарқын кезеңі – "МузАрт" тобы. 2001 жылы Мейрамбек Беспаев, Сәкен Майғазиев, Мақсат Базарбаев үшеуі "МузАрт" тобын құрады. Ең алғаш орындаған әні – Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған Қанат Ибраимовтың "Сенің көзің" әні.

Әнші Бүркіт: Біреуіміз аяғымыз шалынып құласақ, бәріміз жатып күлетін күнге жеттік

2003 жылы аталған трио "Өз елім" атты алғашқы жеке концертін береді. 2005 жылы Мақсат Базарбаев топтан бөлек шығып, оның орнына Кенжебек Жанәбілов келді. Ал 2008 жылы "МузАрт" тобының құрамына музыканттар алынып, топ вокалды-аспапты ансамбльге айналды.

Бүгінде "МузАрт" тобы жиырма жылға уақыт қазақ даласын жан тебірентер әндерімен тербеп келеді.  2013 жылы қыркүйекте MUZZONE телеарнасының ЕМА жүлдесінде МузАРТ тобы "Үздік ұжым" номинациясын жеңіп алды.

Мейрамбек әнші, термеші ғана емес, сонымен қатар бірнеше киноға да түскен. 15 жасында режиссер Қаныбек Қасымбековтің "Қоштасқым келмейді" фильміне шақырылады. 

Ал 2010 жылы Баян Алагөзова продюсерлік еткен әрі барлық өнер адамының қатысуымен түсірілген "Ғашық жүрек" атты кинокартинада өз-өзін сомдайды.

2017 жылы "Елге сәлем" атты әншінің 30 жылдық шығармашылығына арналған концерт өтті. 

Саналы ғұмырын өнерге арнап келе жатқан әнші болашақта шәкірт тәрбиелеуді де жоспарлап отыр. 

"Ауырған кезде өнерге мүлде құлқым болмады"

2008 жылы Құдай берген талантымен, қазақылығымен, одан қалса сымбатымен көптің жүрегін жаулап, ел ықыласына бөленген Мейрамбек Беспаевтың өмірінде қиын кезеңдер басталды. Әнші қатерлі дертке шалдықты. Бір айда 30-35 келі салмақ тастап, адам танымастай арықтап кеткен. 

Тағы да оқыңыз: 

"Ауырған кезде өнерге құлқым да, зауқым да болмады. Тіпті, ән айтқың да келмейді екен. Басында қандай диагноз екенін білген жоқпыз ғой. Бұдан кейін ән жазамыз ба, жоқ па бір Құдай біледі деп, Арман мен Қалқаманға өтініш жасадық. Әлі есімнен кетпейді. Өзім он метр жүрсем, шаршап қаламын. Бір айда 30-35 келі тастап, ішімде бір үрей пайда болды. Бірақ өз-өзімді қинап, әнді жазуым керек деп, студияға келіп, әнді әрең айтып шыққаным бар", — деп еске алады Мейрамбек сол бір қиын кезеңді. 

Әнші қатты ауырып, жүдеп қалған кездері ел арасында неше түрлі сыбыс тараған.  "Әйелі тастап кетіпті, сахнаға енді оралмайды" деген әңгімелер пайда болған.

"Қаным басыма шапты". Майғазиев өнердегі ағасына неге жұдырық жұмсағанын түсіндірді

"Ол кезде Кәусарға жүкті едім. Мейрамбек арықтай бастады. Елдің бәрі "әйелі тастап кетіпті,  сахнаға енді келмейді екен, бітті ауырды" деді", — Мейрамбектің жары Мархабат Беспаева. 

"Ауыр науқасқа шалдығып, алыс-жақын шет елдерде ем қабылдап жүрген кездерде залдағы көрермендер, тіпті, салтанатты кештерге барған кезде "ол Мейрамбек емес" деген қаңқу әңгіме шығарып, көбісі есептескісі келмей, сенбей жүрді. Ақшасы былай тұрсын, сенбеген кезде адамның жүрегі ауырады екен. Сол кездегі Мейрамбектің батылдығына мен таңғаламын. Егер мен Мейрамбектің орнында болсам, сондай күйде халық алдына шығар ма едім, шықпас па едім, білмеймін", — деген еді қасында жүрген досы, әнші Сәкен Майғазиев сұқбаттарының бірінде. 

Әнші Мейрамбекке ауыр дертті жеңуге отбасы көмектескен. 

Мейрамбек Беспаевқа хат 

Былтыр жазушы, журналист Қали Сәрсенбай Мейрамбек Беспаевқа арнап хат жазған еді. Жазушы өз хатында текті, бекзат, ақсүйек өнердің өз болмысынан алыстап бара жатқанына қапаланып, әншіні ұлт үшін, жұтылып кетпес үшін қайраткер, күрескер болуға шақырған болатын.

Тағы да оқыңыз: 

"Бүгінде өзің құралпы жігіттер өнердің белгілі бір биігіне шықтыңдар. Оны деңгей дейді. Сендердің дейгейлерің қазіргі эстрадаға азды-көпті өлшем болып тұр. Ендігі жерде сол деңгейді ұлтқа қызмет етуге, рухани күреске толайым арнау қажет. Біз жұртты адастырмайтын жолға бастайтын пайғамбар, әулие емеспіз. Олардың заманы өткен. Бірақ тұлғалылық, танымалдылықтың (жұрттың шын ықыласына бөленген танымалдылықты айтып отырмын) өзі сол жолда едәуір шаруа атқаруға ықпалы болады. Ендігі жерде танымалдылық ұшақта, ауруханада тиген жәрдемімен шектелмей, ұлттық мүддеге қызмет жасауы керек", — делінген хатта.

"Туфлиін шешіп алып ұратын". Жұлдыздар мектептегі қызықты оқиғаларын айтып берді

Көп ұзамай телебағдарламалардың бірінде эстрада жұлдызы Сәрсенбайдың хатына жауап берді. 

"Шынымды айтсам, сондай үлкен кісілер біздерді оқиды деп ойламаппын. Ойымызды қадағалағаны үшін алғыс айтамын әрі "қызым саған айтамын, келінім сен тыңда" дегендей біраз назын айтқан екен. Жалпы маған емес, бірталай өнер адамына керекті көп әңгіме жазыпты. Жастарды қанша сынай бергенмен, олардың ішінде де ақылдылары, естілері бар…Бірнеше жыл бұрын талай-талай өзара жиналыстар жасағанбыз. Оның ішінде көптеген өнер адамы болды. Әншілер, аға буын өкілдері. Басында келісіп аламыз да, аяғында аяқсыз қалып кетеді. Неге десеңіз, бізде бәрібір билік болмағаннан кейін жиналып алып, мынау өтсін, мынау өтпесін деп еш жерде айта алмаймыз. Сондықтан эфирге әркім шығуға құқылы. Сонымен бұл мәселе сол күйі қалып қойған еді. Енді келешекте шынымен жаны ашитын билік басындағы, мәдениетте, өнерге жақын адамдар осыны қолға алады деп ойлаймын", – деді Мейрамбек Беспаев.

Магистр Мейрамбек кімге жақпай қалды?

Биылғы жылдың жазында эстрада жұлдызы Астанадағы Еуразия ұлттық университетін "Мәдениеттану" мамандығы бойынша тәмамдап, магистр атанды. Инстаграм парақшасында дипломмен суретке түсіп, қуанышымен бөліскен әншіні желі қолданушылары біраз сынға алған еді. Оған себеп те жоқ емес.

Тағы да оқыңыз:

Бұған дейін ЕҰУ профессоры Мырзантай Жақып магистранттарға арналған гранттардың білімділерге емес, сабақта төбе көрсетпейтін әнші-әртістерге бөлінетінін айтып қынжылған еді. 

Мемлекеттік грант есебінен "магистр" атанғандардың ішінде  Мейрамбек Беспаев, Жанар Дұғалова, Қайрат Нұртас та бар. 

Баян Мақсатқызы Алагөзова туралы не білеміз?

"Екі жыл сабаққа келмейді олар. Басында бір көрінеді. Олардың сабаққа келгеннің өзі бір шоу! Ойбай, пәленше сабаққа келді! Ол сабаққа келуге міндетті ғой!  Ол бір көрінді, сонымен жоқ! Екі жылдан кейін дипломын алатын кезде бір-ақ келеді…Оқу орнына келген кезде аудиторияға келмейді. Олар тура бастыққа барады. Ректорға, проректорға, деканға барады, сөйтеді де олар бізге тапсырма береді. Міне, екі жыл келмеген балаға баға қойып беріңдер деп. Қоймасаң, қорқытуға кіріседі. Жұмыстан шығартып жіберем дейді, ректораттан қысым жасайды", — деп ашуланған еді Жақып.

Әнші көп ұзамай профессордың ренішіне желі арқылы жауап қатты. 

"Өкінішке қарай, біздің арамызда қуанышқа ортақтаса алмайтын, іштарлығы бар адамдар да кездеседі. Өзі ұстаз, журналист-ғалым Мырзантай Жақып деген ағамыз фейсбукте мені ғалым болып, біреудің орнын тартып алғалы жүрген адамдай сипаттапты. Менің өнерде өз жолым бар. Ешкімнің жолына да, қызметіне де таласқан емеспін. Бала күнімнен музыка мектебінде оқыдым. Ұлттық консерваторияда білімімді жетілдіріп, Т.Жүргенов атындағы Театр және өнер академиясын бітірдім. Жаңа заман талабына сай сол оқыған білімімді дамыту үшін "Мәдениеттану" мамандығы бойынша магистратураны жалғастырдым. Экономика, заң, физика сияқты басқа саланы қуған жоқпын. Ел сөз қылмасын деп ашық диссертация қорғауға да келісім бердім. Келген адамдардың бәрі қорғаудың қалай өткенін көздерімен көрді. Түркияның, Әзербайжанның елшілігінен де арнайы өкілдер қатысып отырды. Өз салам бойынша білімімді жетілдіруге менің де құқым бар деп ойлаймын. Кейде осындай сәттерде кімнің дос, кімнің дұшпан екені де белгілі болып қалады. Мен ешкімге жамандық тілемеймін. Баршаңызға тек қуаныш тілеймін!", — деп жазды ол. 

Мейрамбек Беспаев өмірде қандай?

Мейрамбекпен бір сахнада, бір топта ұзақ жылдар ән айтып жүрген әнші Сәкен Майғазиев өмірдегі, өнердегі досын көзсіз батырға теңейді. 

Тағы да оқыңыз:

"Мейрамбек сахнада қалай, өмірде де солай. Қазақта "көзсіз батыр" деген теңеу бар, Мейрамбекті көзсіз батыр дер едім. "МузАрт" вокалды-аспаптық ансамбльінің қалыптасуына да бірден бір себепкер болған – Мейрамбек. Тәуекелге бел буатын азаматтардың санатынан", — дейді Сәкен Майғазиев. 

Ал "МузАрт" тобының тағы бір солисі Кенжебек Жанәбілов Мейрамбектің қандай қасиеті ұнайтынын айтты.  

Нұржан Төлендиев (Тука) туралы не білеміз?

"Өзінің істегенін мойындай білетін жақсы қасиеті бар. Өзінің қателіктерін білетін азамат", — дейді ол. 

Ал Мейрамбек Беспаевтың өзі кешірімшіл жан екенін байқатты. 

"Мен кешіре алмайтын ештеңе жоқ. Бәрін, тіпті сатқындықты да кешіремін. Бірақ енді біраз уақытқа дейін ренжіп жүретін кездер болады. Іштей өкпелейсің, алайда көп ұзамай ол да кетеді. Десек те мен өзіме-өзім кешіре алмайтын қателіктер бар. Ондай қателіктерім көп менің. Балалық шақта, есейген кезде, бойдақ кезде жасаған қателіктер бар", — деп ағынан жарылған еді әнші сұқбаттарының бірінде. 

Жалпы ол өзін өнерде бағы жанған өнерпазбын деп санайды. 

Мейрамбек Беспаевтың жеке өмірі 

Талай қыздың арманына айналған қоңыр дауысты әнші 2004 жылы отау құрды. Ол өзінен он жас кіші Мархабат есімді аруға үйленген. Бүгінде ерлі-зайыпты Кәусар және Әбухайыр есімді екі бала тәрбиелеп отыр. 

Тағы да оқыңыз:

Өзінің жастық дәурені туралы әнші былай дейді:

"Ел игілігі үшін жүрміз!". Баян Алагөзова жоғарғы соттан күйеуіне көмек сұрады

"Біреуге ес-түссіз ғашық болдым деп айта алмаймын. Қарамасаң өлем-күйем деген жағдайға да барған емеспін. Шыны керек, көбіне гастрольдік сапарларда жүретіндіктен, менде мұндай жүрістерге аса көп уақыт та бола бермейтін. Мен сүйгеніме қосылған адаммын. Жарыма ғашық болдым. Осыған қуанам, тәубе деймін. Шын сүйгендер қосылмайды дегенге өз басым сенбеймін. Бұл деген сезімге қатты беріліп кеткен адамдардың әңгімесі деп ойлаймын. Тіпті кейбір адамдар бақытының қасында жүргенін де байқамайды. Сондықтан айтарым, қасыңдағы адамыңды бағалай білу керек". 

Үйден гөрі түзде көп жүретін Мейрамбек ата-анасының, отбасының қасында жиі бола алмайтынына қынжылады. 

"Өзімді керемет әкемін деп айта алмаймын. Өйткені үйде көп бола бермеймін. Балаларымның тәрбиесімен көбіне Мархабат, туысқандар айналысқаннан кейін, өзімді керемет әкемін деп санай алмаймын", — дейді ол.