Әлем

Кедей адам банктегі шотында миллиардтаған ақша жатқанын білмеген

Осы оқиғадан кейін Пәкістан тұрғыны "қайыршы миллиардер" деген атқа ие болыпты
Sputnik

АСТАНА, 5 қазан — Sputnik. Пәкістанның Карачи қаласында тұратын кедей саудагердің банктегі шотында 2,3 миллиард Пәкістан рупиясы (6 миллиард теңгеден астам) болған. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлайды.

Әлемдегі ең кедей президент зейнетақыдан бас тартты

52 жастағы Мұхаммед Абдул Кадир қаланың қайыршы ауданында тұрып, балмұздақ сатудан түскен күн сайынғы 500 рупиясына күнелтіп жүрген болатын. Федералды тергеу агенттігі жауап алуға шақырғанға дейін банктегі байлығы жайында бейхабар еді. 

Екі жыл бұрын оның банктегі шоты арнайы қызметтің назарына түседі. Шот 2014-2015 жылдары ашылып, 2016 жылы біреу ондағы қаражатты шешіп алады. Кадирдің айтуынша, ол бұл жайттың ешқайсысын білмеген. Сөзінің дәлелі ретінде өзі тұрып жатқан лашыққа шақырады. "Шотымда миллиардтаған ақша болса, осылай бейшара күн кешер ме едім", — дейді балмұздақ сатушы. Өзінің сауаты жоқ екен, тіпті банк құжаттарына қол қоюды да білмейді.

Федералды агенттік шоттың ақшаны жылыстату мақсатында пайдаланылуы мүмкін екенін алға тартады. 

"Өмірдегі ең жолы болмайтын адам мен шығармын", — дейді ұнжырғасы түскен Кадир. – Қанша ақшам болғанын айырылғаннан соң бір-ақ білдім". 

Қазір жұрт оны мазақтап, "қайыршы миллиардер" деп атайтын көрінеді. Кадирдің өзі көп ақшасы болғанын естіген қарақшылар шабуыл жасайды деп қорқады. Анасының ақыл-кеңесі бойынша далаға да шықпай, табыс көзінен айырылып отыр.