Дерекқор

"Өз жаназасын өзі шығарды": Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев туралы деректер

Қазақтың мұзбалақ ақыны Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаев 1931 жылы 8 наурызда Алматы облысы, Райымбек ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген. Азан шақырып қойған аты — Мұхаметқали. Ұлы жүздің Албан тайпасының Әлжан руынан шыққан әулие батыр Райымбектің тікелей ұрпағы
Sputnik

Балалық шағы

Мұқағали Мақатаевтың әкесі қарапайым шаруа адамы болған. Колхозда сушы, шалғышы болып істеген. Мұқағали үйдің тұңғышы, оның артынан бір қыз және үш ұл дүниеге келді. Ақынның қарындасы мен бірінші інісі ерте көз жұмған. Қалған екі бауырының есімі — Тоқтарбай мен Көрпеш. Қазақ дәстүрі бойынша үйдің алғашқы баласы ата-әжесінен тәрбие алуы тиіс, сондықтан Мұқағали әжесі Тиынның қолында өсіп, анасын жеңгесіндей қабылдайды.

Мұқағалидің әкесі 1941 жылы Калининград майданында қаза тапқан.

Мұқағали Мақатаевтың балалық шағы қазақтың басына төнген қайғы-қасіреттің бірнешеуімен тұспа-тұс келді. 1932-33 жылдардағы ашаршылық кезінде ақын небәрі 1-2 жас шамасында болса, 1937 жылғы саяси қуғын-сүргін кезінде 6 жаста болады. Екінші дүниежүзілік соғыс барысында Мұқағали Мақатаев 10 жастағы бала екен. Соғыстың салқын қабағы ақынның шаңырағына оңай соққан жоқ. Әкесі Сүлеймен қан майданда қаза тапты. 

Болашақ ақын ер мінезді әжесі Тиынның тәрбиесін көріп, аңыз-ертегілермен сусындап өседі. Ол өзінің анасы Нағиманды жеңгесі сияқты қабылдап, Нақа деп атап кеткен. Мұқағали Мақатаевтың азат ойлы, ашық пікірлі болуына әжесінің тәрбиесі ықпал етті.

Мұқағали Мақатаев 14-15 жасында ақын болуға біржола бел байлап, қазақ әдебиетімен бірге әлемнің барлық классиктерін бір деммен оқып шығады. Соның ішінде Гейне, Гете, Шекспир, Данте, Бальзак, Драйзер, Гюго, Байрон, Лондон сияқты классиктерді жоғары бағалайды.

Өз күшімен үш жоғарғы оқу орнына түскен

Мұқағали Мақатаев өз заманындағы барлық адамның қолы жете бермейтін бірнеше оқу орнына өз күшімен түскен. Алғашында ҚазМУ-дің филология факультетіне, содан кейін шет тілдер институтына, артынша ҚазМУ-дің заң факультетіне оқуға түседі. Кейін, тіпті Жазушылар одағының жолдамасымен 1973 жылы Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады.

Мұқағали Мақатаев 1948 жылы ол ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі, бірақ келесі жылында оқуын тастап, Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы боп жұмыс істейді. Сол арада көктемде 18 жасында ақын жары Лашынмен отау құрады. Ақынның алғашқы лирикалары осы кезде жазыла бастайды.

1949 жылы Мұқағали Мақатаевтың "Советтік шекара" газетінде ақынның "Қырман басында", "Қойшы бала — Әкітай" деген өлеңдері жарияланды. Ал 1950 жылы ол Алматыдағы шет тілдер институтының неміс тілі факультетіне өз күшімен оқуға түседі. Алайда тағы да тұрмыстық жағдайына байланысты ол оқуын да тастайды.

Алғаш рет Мұқағали Мақатаев 1954 жылы тұрақты жұмысқа кіріседі. Бұл кезде ол Қарасаздың бастауыш мектебіне орыс тілі мұғалімі болып барады, осы жылы ақынның үш өлеңі "Әдебиет және искусство" журналында жарияланды.

"Асығу керек, асығу керек қалайда!"

1957 жылы ақын республикалық радионың диктор қызметін атқарады, ал 1960 жылы "Советтік шекара" газетінің бөлім меңгерушісі болады. Осы кезде ол Алматыға түбегейлі көшіп келеді. Алайда оның жеке баспанасы болмайды. Сөйтіп ол пәтерден пәтерге, қызметтен қызметке ауысып, тұрмыс тауқыметімен бетпе-бет келеді.

1963 жылы Мұқағали Мақатаев "Мәдениет және тұрмыс" журналында жұмыс істейді. Осы кезден бастап 1970 жылға дейін Мақатаев "Социалистік Қазақстан", "Жұлдыз" басылымдарында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарады. Ал 1973 жылы Жазушылар одағының жолдамасымен Мәскеудің М.Горкий атындағы Әдебиет институтының студенті атанады.

Өмірінің осы уақыт аралығында ақын "Ильич" (1964), "Армысыңдар достар" (1966), "Қарлығашым келдің бе?", "Мавр" (1970), "Аққулар ұйықтағанда" (1973), "Шуағым менің" (1975) атты жыр жинақтарын жариялайды.

Алғаш Мұқағали Мақатаев талантын бағалаған Әбділда Тәжібаев болған еді. Ол "Қазақ әдебиеті" газетінің 1960 жылғы 18 наурыздағы нөмірінде Мақатаевтың өлеңіне баға бере отырып: "Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!" деп жазған.

Мұқағали Мақатаев жарты ғасырға жуық ғұмырында 1000-нан астам өлең, "Ильич", "Мавр", "Аққулар ұйықтағанда", "Райымбек! Райымбек!", "Моцарт. Жан азасы" деген поэмалар жазды. "Құлпытас", "Марусяның тауы", "Өзгермепті", "Әже" әңгімелері мен "Қос қарлығаш", "Жыл құстары" повестерін, "Қош, махаббат" пьесасын жарыққа шығарды.

Аударма бағытында да бақ сынап, Дантенің "Құдіретті комедиясының" "Тамұқ" деген бөлімін, Шекспирдің "Сонеттерін", Уолт Уитменнің өлеңдерін аударды.

Алайда өмірдің нағыз қызған шағы ортаң беліне келгенде ақынның денсаулығы сыр береді. Оның тұңғыш қызы Ләззат қайтыс болып, кейіннен кіші қызы Майгүл де көлік апатынан қаза табады. Ақынның қыздарына арнаған өлеңдері қазақ әдебиетінің классикалық туындыларының қатарында тұр. Балаларының қазасынан кейін ішқұса болған ақын ақыры жазылмас дертке шалдығады. 

Бұл турасынан Мұқағали Мақатаев дәрігерлерден алдын ала біліп алады. Сондықтан ол бар күш-қайратын өлең жазуға арнап, 12 жылдың ішінде 8 жыр жинағын жарыққа шығарады. Онда ақынның барлық тағдыры шынайы көрініс береді. Оның "Асығу керек, асығу керек қалайда! Уақыт саған қарай ма?!" деген өлеңі ауруға шалдыққан жылдары жазылған. Өмірге соншалықты ғашық болған ақын жаралы тәнімен қазаққа осындай үлкен мұра қалдырды.

1973 жылы Фариза Оңғарсынованың "Мәңгілікпен кездесу" атты Мұқағали Мақатаевқа арналған жыр топтамалары жинағы жарық көрді.

"Өз жаназасын өзі шығарды"

Мұқағали Мақатаев 1976 жылы 27 наурызда 45 жасында Алматыда дүниеден озды. Мұқағалитанушы Шаяхмет Имашұлы бұл турасында былай дейді:

"1976 жылы "Өмір дастан" деген Мұқағалидың сары кітабы дүниеге келді. Оған Мұқағалидың өзі қатты қуанып, қатты дәріптеген.  Кітаптың бірнеше данасын алған болса, соның барлығын өзінен үлкен ақындардың біразына қолтаңбасымен таратыпты. Біреуін Әбділдә Тәжібаевқа жіберіпті. Әбділдә Тәжібаев Мұқағалиды анау Қарасазда жүрген жерінен шақыртып, үй бергізіп, жұмысқа алғызған. 

Сол Әбекеңе қолтабасымен кітабын бергенде тілегін білдіріп, "27 наурыз, 1976 жыл" деп жазып жіберіпті. Ол негізі ақпан айының  іші екен. 27 наурызда Мұқағали дүниеден өтеді. Содан кейін Әбекең таң қалып, "әулиелігі бар екен ғой" деп "Әулие ақын" деп ат қойған көрінеді. Сонда Мұқағали өзінің өлетін күнін сезіп тұр екен ғой. Ал өмірден өтерінде "Жаназа" деген поэма жазды. "Моцарт, Азалы үн" деп басталды. Өзінің жаназасын өзі шығарды дейміз.

"Жарық дүние, жарығың неткен жақсы еді, Жаңылыспаспын жаным деп айтсам дәп сені", - деген жолдары бар. Сол өлеңді Сағат Әшімбаев "Лениншіл жасқа" Мұқағали қайтыс болғаннан кейін басып кеп жіберіпті. Мұқағали сонымен бұрқ ете қалды. Ең тиражы көп "Лениншіл жастың" өзін қолдан-қолға іздеп оқыды ғой сол күні. Ең көп тиражбен шығатын газеттің өзі жетпей қалғанын елестетіп көріңізші. Осы оқиға Мұқағалиды қайты тірілтті", - дейді ол. 

Ер есімі - ел есінде

Көзі тірісінде ақынның еңбектері толыққанды бағасын алмаған. Тек ол дүниеден кеткен соң ғана Мұқағали Мақатаевтың шығармалары өте жоғары бағаланып, тіпті бірнеше шет тіліне аударылған. Ал ақынның баспана іздеп, көп жағалаған "Жетім бұрыш" (пәтер жалдаушылар тұратын орын) тұрған көшеге кейін Мұқағали Мақатаевтың есімі берілді. Бұрынғы Пастер көшесін Мұқағали Мақатаев атындағы көше деп атау жөніндегі бастаманы Алматы қаласының бұрынғы әкімі, марқұм Заманбек Нұрқаділов қолға алған еді.

Ал шығармалары өзбек, қырғыз және тағы басқа шет тілдеріне аударылды. Ақынның әдеби мұрасын зерттеуде 3 кандидаттық диссертация қорғалды. Мұқағали Мақатаев шығармашылығы турасында 700-ге тарта еңбек (мақала, естелік-эссе, роман, поэма, өлең, т. б.) жазылған.

Мақатаев қайтыс болғаннан кейін 1985 жылы ҚР Жазушылар одағы Мұқағалидің атындағы әдеби сыйлық тағайындады. 1999 жылы оған Мемлекеттік сыйлық, сол секілді "Ғасыр ақыны" атағы берілді.

60 жылдық мерейтойы қарсаңында ақынның туған жерінде мұражайы ашылды.

Алматыда ақын атында мектеп, көше және сол көше бойында Мұқағали Мақатаевқа арналған ескерткіш бар. Мұқағали өлеңдеріне Н. Тілендиев, Д. Рақышев, Ш. Қалдаяқов, І. Жақанов, А. Қоразбаев, Т. Рахимов, М. Рүстемов, Т. Мұхамеджанов, Ә. Тінәлиев, Б. Оралұлы, Т. Досымов, т. б. сазгерлер ән жазды.

1985 жылы Қазақстан Жазушылары Одағының бастамасымен үздік әдеби шығарма авторларына Мақатаев атындағы сыйлық тағайындалды.

1999 жылы Мұқағалидың "Аманат" атты кітабы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.

2002 жылы 16 желтоқсанда ақынның құрметіне ескерткіш ашылды.

Ал 2008 жылы Мақатаев атындағы жаңа сыйлық тағайындалды.

2011 жылы Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығы түрлі деңгейде аталып өтті.

2015 жылы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы "Metropolition Classics" компаниясы Мұқағали Мақатаевтың жыр жинағының тұсауын кесті.

Мұқағали мен Фариза ақынның арасында сезім болғаны рас па?

Ел аузында Мұқағали мен Фариза ақынның арасында сезім болғандығы туралы алып-қашпа сөз бар. Ал шындығында не болған? Бұл туралы БАҚ беттеріндегі деректер мынаны алға тартады.

Ең алғаш Фариза апамыз алмалы қаладағы өмірін "Қазақстан пионері" газетіне редактор болудан бастайды. Бұған дейін "Лениншіл жас" газетінің Атыраудағы тілшісі қызметін абыроймен атқарады. Мұқағали Мақатаевпен алғаш таныстығы да ерекше. Ақын апамыздың кітабының редакциялық талқылауында Сағи ағаның (Жиенбаев) ащы сыны жас қыздың жігерін біраз осқылап өтеді.

Талқылауда Фаризаның жырлары нәзік табиғатты қыз балаға жат қылықты жырлар деп сыналса керек. Ауыр сынға ұшыраған сондағы мына жолдар: "Адам деген бақыттан тұншығады, ә, Шырын сәтте бойында қан тасыған. Біздер жаққа қарауға қымсына ма, Ай жатыр шалқасынан". Міне осы суығы қарыстай сынның өткір тырнағынан арашалап қалған Мақатаев болады. Осылайша екеуі бір-бірін таныған.

"Мұқағали ақынның айдалада жүріп жақын тұтқан, бауырына тартқан сезімі мен сенімін сезе тұрып, телефон соғып, не жай-күйін білуге іздеп барған емеспін" - дейді Фариза апамыз. Расында, ол кісі өлерінде қасында болу былай тұрсын, жаназасына да қатыса алмаған. Сол жылы (Мұқағали өмірден өтер жыл) Фаризаны Бакуде өтетін оқушылардың "Балалар кітабының апталығына" Қазақстан Жазушылар одағының бірінші секретарі Әнуар Әлімжанов жібереді.

Жолға шығарынан бір күн бұрын редакцияға қалыңдалған көлемді хат келеді. Бұл – Мұқағалидың Фаризаға арнаған "Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз!" деп бастау алған сан түрлі аңызға арқау болған жыр шумақтары еді. Бакуде жүріп үйінен Мұқағалидің өмірден өткенін естиді. Қас қылғандай Алматыға ұшуға билет те қалмайды.

"Сөйтіп, ұлы ақынның соңғы дидарын көре алмай, соңғы сапарына аттандырып сала алмай, сандалақтап Алматыға оралдым" - деп сабақтайды өзегін өртеген өкініш жібін.

Мұқағали ақын мен Фариза ақынның арасындағы бар шындық осы секілді.

Мұқағалидің Дінмұхаммед Қонаевқа жазған хаты

"Қымбатты Димаш аға!

Жоғарыда айтқандарымның бәрі мүлде із-түзсіз кеткен емес. Нақтылай айтсам, менің ауданым мен ұжымшар жойылып, "Социалистік Қазақстаннан" шығарылып, қызым қайтыс болып, оған қоса бірнеше ет жақын туған-туысымның қазасынан кейін күйініп, бәрінен баз кештім. Бұның бәрі 1962-1964 жылдардың арасында (Н.С.Хрущевтің кезеңінде) болған еді. Сол тұста мен өмірімде түзелмейтін қате жібердім. Әрине, оны мойындау оңай емес.

Қасақана ма, жоқ па білмеймін, өзіңіз төреші болыңыз, дер кезінде уақытылы жарна төлемей, СОКП қатарынан өзімнен-өзім шығып қалдым. Билетті Совет аудандық партия комитеті тартып алды. Сырғабекова хатшы болатын. Ол тап болған жағдайдан шығуға жол таба алмай тығырыққа тірелдім.

Қалай дегенде де өз кінәмнан тазару үшін шығармашылықта шарқ ұрып ойландым, толғандым, іздендім. Әлгі атаған жұмыстарымның барлығы сол сілкіністерден соңғы жеміс. Бар жан-тәніммен ел-жұртыммен бірге екенімді танытқым келді. Біздің қоғамда адам өзін таң шығындай таза сақтау, қандай ғанибет. Өкінішке қарай, қаншама тер төгіп еңбектенсем де, бұдан он жыл бұрын жіберген қателік еш тыным бермейді маған.

Кейде туған әдебиетте қарақан басының қамын күйттейтін көлденең көк атты көріндім. Сондықтан қателігім ешқандай жөнделместей сезініп, ұнжырғам түсіп, көлеңкеде қалуға тырыстым, әлдекімдер мені де көлеңкеде ұстауға әрекет етті. Не істеген ләзім?

Бәріне де дариға ақын жүрек кінәлі. Әйтсе де барымды салып, еңбектендім. Бәрібір жеңіл емес еді. Қол қаламнан қалт еткенде жағалаған жағымпаз достармен, дәлдүріш ақындармен іше бастадым. Олардың ырқына қалай түскенімді байқамай қалғандаймын. Әлсін-әлсін менің серілік өмірім басталды. Өзім ұяттан өртеніп тұрсам да, құрдастарымның сәл қуаныштарына сілтейтін болдым. Ішкенімді жасырмаймын, бірақ үйіме де, басқалардың күйіне де зиян келтірген жоқпын, ал рухани жағын қайдам?!

Бәлкім, менің қамымды жегендер болған шығар, өз-өзімді иттің етінен жек көре тұрып, әлденеге қорынатын болдым. Осындай сәттерде өз ойларыммен оңашада қалып, поэзия піріне сыйынатын едім. Айлап жазу столының жанында тапжылмай отырдым. Тек, жыр ғана менің жаныма дауа болып, дертімді емдеді. Ол маған адал, таза қызмет етті. Мен де оған қарыздар болып қалғаным жоқ.

Ешуақытта ішкіш болған емеспін, болмаймын да, ал салынып ішкен кісі ешқашан отбасын асырап, бала тәрбиелеп, ақылға қонымды әлдеқандай әрекет етпейді. Әдетте адамның күнестен гөрі, көлеңке жақтары көзге көп түседі. Нәжістің аты - нәжіс. Ол адамға, әсіресе, мен сияқтыларға бір жұқса, жуық арада одан тазару оңайлыққа соқпайды. Өз іс-әрекеттерімде адамдарға ұдайы таупиқсыз қарап, әсіресе ішіп алғанда, имансыздыққа бой ұрып, көп қателік жасаппын. Ешкімді күстәналамай, дөрекілік танытпай, бетің бар, жүзің бар демей, қара қылды қақ жарғандай туралығын айтыппын. Ақырында осы жылғы қаңтарда Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты мені КСРО Жазушылар одағы мүшелігінен шығарып тынды, өзіме де сол керек шығар. Ол үшін ешкімді де кінәламаймын.

Кезінде мен Жазушылар одағының аппаратыңда да, "Жұлдыз" журналында да қызмет еттім. Бірақ бәрібір өзімді әрқашан басы артық сезіндім. Ол әріптестерімнің маған деген салқын қарым-қатынасы сезіліп тұратын, менің атыма жамалған жаманат қаныма сіңгендей.

Құрметті Димаш аға!

Қазір мен бәрінен де түңілдім. Жолдас-достардан да, әмпей ымыраластардан да, жаман әдеттерден де. Үйде омалып жаза беремін, жаза беремін. Бұлардың не әкелерін кім біледі? "Сырым саған, Отаным" атты жаңа кітаптың қолжазбасын дайындадым. Егер "Жазушы" баспасы немесе Қазақстан Жазушылар одағы 1975 жылғы жоспарға енгізбей, сызып тастаса тағдырым қалай болады? Екі жыл болды еш жерде жұмыс істемеймін, отбасым үлкен, кейуана анам, төрт балам бар, әйелім жарты жалақымен мектепте ұстаздық етіп жүр.

Таяу арада менің "Аққулар ұйықтағанда" атты жаңа жинағым жарық көрді. Чилидің ұлы ақыны Пабло Нерудаға арнаған поэмам жарияланды. Сөйтсе де, мен ертеңнен күдерімді үзбей, жазуды жалғастырып жатырмын. Жақында ғана "Халқыма хат" деген өлеңімді тәмамдадым.

Ардақты Димаш аға!

Мен қырық екі жасқа толып, жан тыныштығын басқа тараптан іздегенімді түсіндім. Өзіме-өзім келіп, кінәмді жуып-шайып, өз ақымақтығымнан жоғалтқанымды қалпына келтіруге көмектесіңіз. Ажал алдында тұрғандаймын, құтқара көріңіз!

Сіз қалай шешсеңіз, солай болады.

Ізгі ілтипатпен М.Мақатаев 17.05.1974 Ж."

Шығармалары мен аудармалары

Мақатаевтың тұңғыш өлеңдері: Қырман басында, Қойшы бала — Әкітай. Олар 1949 жылы "Советтік шекара" аудандық газетінде жарияланды. Інімнің ойы, Шебер өлеңдері 1951 жылы шыққан "Жастық жыры" атты жинаққа енді.

Мұқағали Мақатаевтың "Қарлығашым, келдің бе?", "Дариға жүрек" (1972 ж.), "Аққулар ұйықтағанда", "Шуағым менің" (1975 ж.), "Соғады жүрек", "Шолпан", "Жырлайды жүрек", "Өмір-өзен", "Өмір-дастан" және тағы басқа жыр жинақтары, сондай-ақ, 1988  жылы жарық көрген "Қош, махаббат!" атты прозалық кітабы да бар.

Мақатаевтың көзі тірісінде 3 аударма кітабы жарық көрген: 1969 жылы У.Уитменнің "Шөп жапырақтары", 1970 жылы У.Шекспирдің "Сонеттер", 1971 жылы Д.Алигерьидің "Құдіретті комедиясының" "Тамұқ" бөлімі.

У.Уитмен, У.Шекспир, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған Мақатаевтың өлеңдері “Зов души” деген атпен орыс тілінде басылып шықты.