АСТАНА, 3 қазан — Sputnik. Instagram желісіндегі zhest_kz тобында жарияланған видеода дәрігер науқасты тепкілеп жатыр. Бейнежазбаның Астанадағы №2 қалалық ауруханада түсірілгені айтылған.
Аталған дерек бойынша тергеу жүргізілді. Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәліметті жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілерде жарияланған дәрігердің науқасты тепкілегені туралы видео интерьері бойынша Астана қаласының №2 қалалық ауруханасының қабылдау бөліміне сәйкес келмейді", — делінген ведомствоның ресми хабарламасында.
Оның үстіне, видеоролик кейіпкерлері емхананың қызметкерлері емес.
"Анықталғандай, оқиға Астана қаласының медициналық мекемесінде болмаған", — деп мәлімдеді ведомство баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетсек, 2017 жылы 29 жастағы Николай Кривенконы елорданың медициналық-әлеуметтік реабилитация орталығында өлгенше сабап тастаған. Осыған байланысты ІІД патруль қызметінің сержанты мен фельдшер ұзақ мерзімге сотталған еді.