Қоғам

Білім министрі мектепте үшке оқығанын мойындады

Ерлан Сағадиев мектепте тіл пәндерін үшке оқығанын мойындады
Sputnik

АСТАНА, 2 қазан – Sputnik. Қазақстанның білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев "Үздік педагог — 2018" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі кезінде мектепте тіл пәндерін үшке оқығанын мойындады.

Сағадиев хиджаб киген оқушыларды мектепке кіргізбеген мұғалімдерді жақтады

Үздік ұстаздарды марапаттағаннан кейін жүргізуші Қазақстанның бас педагогіне екі сұрақ қойды: математиканы жақсы оқитындар, тілге нашар келеді деген рас па және министрдің үштік бағасы болды ма.

"Тіл пәндерінен мектепте үштік баға алғанмын", — деп шындығын айтты Сағадиев.

Білім министрлігінің басшысы құттықтау сөзінде мұғалімнің әрбір жұмыс күні құрметке лайық екенін атап өтті.

"Жазушы өз шығармалары арқылы, жақсы суретші картиналары мен мүсіндері арқылы өмір сүреді, ал жақсы ұстаз шәкірттерінің ойынан кетпейді деген сөз өте дұрыс айтылған. Өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып қана қоймай, өз жаныңыздың бір бөлшегін бересіздер", — деп министр жеңімпаздарды құттықтады.

Сағадиев атап өткендей, білім беру саласында көптеген жұмыстар атқарылды, бірақ әлі талай қажырлы еңбек ету керек.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша елімізде 300 мыңнан астам ұстаз сабақ береді.

Жыл сайын өтетін "Үздік педагог — 2018" байқауында 64 мұғалім жеңіске жетті. Жеңімпаз ұстаздардың тізімі жарияланған.