Өңірлер

Бала "ұрлаушы" Қостанай жұртын әбігерге салды – шын мәнінде не болды?

Дүйсенбі күні кешке Қостанайда көшенің ортасында кішкентай баланың ұрлағаны туралы қауесет ата-аналарды дүрліктірді
Sputnik

АСТАНА, 2 қазан — Sputnik. Полиция қызметкерлері дүйсенбі, 1 қазан күні кешке баланы ұрлап кетуі мүмкін ер адамды іздеуге кірісіп, таңертең оқиғаға қатысушылардың кім екенін анықтады. 

Полиция балаларды ұрламақ болғаны жайлы ақпаратқа түсініктеме берді

Кеше жергілікті БАҚ мектеп оқушысы кішкентай баланы қызыл көлікке күштеп мінгізіп, алып кеткеніне куә болғанын жарыса жазды. Қыз оқиғаны анасына айтып берген, ал ол полицияға хабарласқан. Ата-аналар чаттарында мұғалімдерді өз оқушыларын түгендеуге шақырған дауыстық хабарлама таралып кетті.   

Сейсенбі күні таңертең Қостанай полициясы оқиғаның қалай болғанын анықтады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 10 жастағы қыз белгісіз ер адам баланы қызыл көлікте мәжбүрлеп мінгізіп, белгісіз бағытта жүріп кеткенін көріп қалған. 

Полиция ақпаратты тексеруге кіріскен. Полицейлердің өтініші бойынша, Затобол елді мекеніндегі мектептердің мұғалімдері оқушылардың ата-аналарына шұғыл хабарласып, жоғалған баланың жоқ екенін мәлімдеді.

Затобол елді мекеніндегі аулаларды шолу барысында полиция қызметкерлері қызыл түсті Volkswagen Jetta көлігінің 43 жастағы иесін анықтады.  

"Аталған ер адам 1 қазан күні сағат 19.00-де "Березка" дүкенінен төрт жасар ұлымен бірге шыққаны белгілі болды. Осы кезде бала құлап қалып, айқайлай бастаған. Ер адам баланы көтеріп алып, көлікке отырғызып, үйіне алып кеткен.  Кейіннен арыз беруші ер адамды, бала мен автокөлікті таныды", — деп жазылған Қостанай облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз хабарламасында.

Осылайша бала ұрлау дерегі расталмады.