Спорт

Қазақтан шыққан әлем чемпионы 15 қарсыласын нокаутқа түсірген боксшыны жеңді

Жәнібек Әлімханұлы мен Карлос Гальван арасындағы жекпе-жек қазақстандықтың жеңісімен аяқталды
Sputnik

АСТАНА, 29 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) кәсіпқой бокстағы үшінші жекпе-жегін өткізді, деп хабарлайды Sports.kz.  

Қазақстандық боксшы жеңілмеген ресейліктің чемпиондық атағын тартып алды

Ол Оклендтегі (АҚШ, Калифорния штаты) бокс кешінде жұдырықтасты. Оның қарсыласы колумбиялық Карлос Гальван (16-7-1, 15 КО) болды. Жекпе-жек төрешілердің бірауыздан шешімімен Әлімханұлының жеңісімен аяқталды, барлығы 60:54 деген ұпай берді. Осылайша, отандасымыз кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісіне қол жеткізді, ал Гальван карьерасында сегізінші рет жеңіліс тапты. 

"Жекпе-жек ойдағыдай өтті. Америкадағы алғашқы жекпе-жегім болғаннан кейін аянып қалған жоқпын. Рингке шықпағалы біраз уақыт болды, бір жағынан өзімді сынап көрдім. Аяқпен жұмыс істеп, стилімді жетілдіре түскім келді. Алла шүкір, бәрін сәтті болды. Келесі жекпе-жектерге де жақсылап дайындаламын", — деді Жәнібек жекпе-жектен кейін берген сұхбатында.

Төреші Жәнібектің қолын көтерген сәттің видеосын боксшының баспасөз хатшысы Берік Сұлтан өзінің инстаграмдағы парақшасында жариялады.

Айта кетейік, Жәнібек 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатын жеңіп алған болатын. Оның кәсіпқой рингтегі келесі жекпе-жегінің уақыты белгілі – ол 3 қараша күні Эль-Пасода (АҚШ, Техас штаты) адам тонағаны үшін он бір жыл түрмеде отырып шыққан америкалық Вон Александермен (12-1, 8 КО) жұдырықтасады.