Қоғам

Министр Қазақстанда жалақысы төмен салаларды атады

Осы жылдың қаңтар-маусымында республикада орташа жалақы 157 мың теңгені құраған
Sputnik

АСТАНА, 28 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанда төмен орташа жалақы мөлшері білім беру, денсаулық және әлеуметтік қызмет салаларында тіркелген. Бұл туралы бүгін ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі.

Мұғалімдердің жалақысы тағы өседі, директорлар тек 4 жылға тағайындалады

Мәжілісте өтіп жатқан "Жұмыспен қамту саласының проблемалары мен даму перспективалары" парламенттік тыңдауында министр жалақы мөлшері төмен салаларды атады.

"2018 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығында Қазақстан бойынша орташа айлық номиналды жалақы 157 мың теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 8,3%, нақты мәнде 1,8% өсті. Жалпы, елімізде төмен орташа айлық жалақы мөлшері білім беру саласында — 104 мың теңге, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет салаларында 108 мың теңге екені байқалады. Осы салалардағы жұмыскерлердің көбі бюджеттік салаларда істейді", — деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, орта және шағын бизнестегі жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 136 мың теңге шамасында.

"Бұл бюджет салаларымен салыстырғанда 30 процентке артық. Жеке сектордың елімізде біртіндеп басты жұмыс беруші бола бастағанын және жұмыскерлер үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді", — деді министр.

Осы орайда, ведомство басшысы бизнес ортаның дамуына қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.