Экономика

Зейнетақы қорының мәлімдемесі депутаттың ашуын туғызды

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2040 жылдан бастап Қазақстанда ынтымақты зейнетақы болмайтынын мәлімдеген еді
Sputnik

АСТАНА, 26 қыркүйек — Sputnik. 2040 жылдан бастап зейнетке шыққандардың ынтымақты зейнетақы ала алмайтыны Мәжіліс депутаты Владислав Косаревтің ашуын туғызды, деп хабарлайды тілшісі.

"Намыс қайда?!". Мәжіліске келіп орысша сөйлеген шенеуніктер депутаттың ашуына тиді

Косарев премьер-министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында ынтымақты зейнетақының мәселесін көтерді.

"2040 жылдан бастап барлық азамат зейнетке шыққаннан кейін тек жұмыс істеген кезеңде жинаған ақшасын алады деген болжам қоғамның наразылығын туғызып отыр. Осы тұжырымдама жақтаушысының пікірінше, мемлекет зейнетақы жасына жеткенде, зейнетақы сыйақысы бойынша барлық жауапкершілікті өзінен алып тастайды. Сонда әрбір азаматтың ойында "егер мемлекет бүгіннен бастап жалақы мөлшеріне немқұрайлы қараса, мен неге ел экономикасына жұмыс істеуім керек?" деген заңды сұрақ туындайды", — дейді мәжілісмен төменгі палатаның жалпы отырысында.

Депутаттың айтуынша, 2040 жылдан кейін зейнетақы жинағының мөлшерін болжау мүмкін емес.

"Тіпті бәрі жақсы болғанның өзінде, 12-13 миллион теңге жинаған ер адам 12 жыл бойы айына 90 мың теңге алып тұра алады. Яғни, 75 жасында бар жиған-тергені таусылады, ал мемлекеттен оның одан арғы өміріне ешқандай кепілдік жоқ. Біз қоғам алдында осындай өзекті мәселені неге зейнетақы қорының басшысы көтергенін ойлауымыз керек. Зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістермен үкімет айналысуы тиіс емес пе?!" — деп ашуланды Косарев.

Ол үкіметке қоғам мен биліктің барлық тармағы қатыспай, ынтымақты зейнетақының болмайтыны туралы тақырыпты көтермеуге кеңес берді.