ШЫМКЕНТ, 26 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Бүгін шымкенттік "БИІК-Қазығұрт" футболшы қыздарының испандық "Барселона" клубының ойыншыларымен УЕФА Чемпиондар лигасының 1/16 финалының қарымта кездесуі өтеді. Sputnik тілшісі қазақстандық команданың бас бапкері Калоян Петковпен сұхбаттасып, қыздардың ойынға дайындығы туралы сұрап білді.
Испандық қыздармен алғашқы кездесу Шымкентте өткен болатын. Мұнан соң "БИІК-Қазығұрт" ойыншылары жаттығуға бірден кірісіп кетті. Негізгі жаттығу Литвада өткен. Команданың бас бапкері Калоян Петков шымкенттік арулар Литваның танымал клубымен жолдастық кездесу өткізгенін айтты. Клуб ойыншылары Испанияға дүйсенбі күні келген.
"Клубтың УЕФА Чемпиондар лигасында бағын сынап жатқанына биыл алтыншы жыл. Осы жылдар ішінде лиганың 1/8 финалына дейін өнер көрсеттік. Бұл біз үшін үлкен жетістік болды. "Барселонамен" өтетін қарымта кездесудің алдында қыздар Литвада сегіз күн жаттықты. Литваның танымал "Гинтра" клубымен жолдастық кездесу өткізді. Шыны керек, Шымкентте өткен кездесуде біздің қыздар испандықтардан басым түседі деп ешкім күтпеген еді. Қыздар барын салды, жанкүйерлерін қуантуды көздеді. Еуропаға мықты екендіктерін дәлелдей алды", — деді клубтың бас бапкері.
Калоян Петков қарымта ойынның "БИІК-Қазығұрт" үшін оңайға соқпайтынын ашып айтты.
"Қарымта кездесу қиын болайын деп тұр. Не дегенмен "Барселона" әлемдік деңгейдегі бренд қой. Бұл ойын тек "Барселонамен" емес, стадионға жиналатын барша жанкүйерлерге қарсы ойын болайын деп тұр. Біздің жанкүйерлер өз елімізде. Жанкүйерлердің қолдауы команда үшін аса қажет.
Оның үстіне матчтың тікелей көрсетілімі испандық команданың видео каналында ғана көрсетіледі. Яғни, қазақстандық жанкүйерлер ойынды көре алмайды, меніңше. Дегенмен қыздар жанкүйерлердің қолдауын жырақта жүрсе де сезеді деп сенемін. Шымкенттегі жеңісті қайталайды деген үміттемін. Қыздар қарымта кездесуге аса үлкен дайындықпен келді, жеңіске жету үшін барын салады деген ойдамын", — деді Калоян Петков.
Бас бапкермен әңгімеден соң клуб ойыншысымен де сұхбат алудың сәті түсті. Украиндық легоинер Дарья Кравец бұл матч команда үшін маңызға толы ерекше ойын екенін атап өтті.
"Дайындығымыз өте сәтті өтті. Кездесуге толықтай дайынбыз. Бапкеріміз Шымкентте өткен ойын жеңісін қайталау керектігін айту үстінде. Меніңше, бұл ойын клубтың әрбір ойыншысына Еуропа көзіне түсу үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан қыздар қолдан келгеннің бәрін жасайды. Әрине, жеңістен дәмеліміз және оған жету үшін барынша күресеміз. Нәтижесін ойын көрсетеді енді", — деді "БИІК-Қазығұрт" ойыншысы Дарья Кравец.
Еске сала кетсек, қос команданың алғашқы кездесуі 12 қыркүйек күні Шымкентте өтті. Матч қорытындысы бойынша шымкенттік қыздар 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл барша жанкүйер үшін күтпеген жеңіс болды. Енді Барселонада өтетін кездесуде шымкенттіктер сәтті ойын көрсете білсе, УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алады. Испандық футболшылармен болатын қарымта кездесу Барселонадағы "Мини Эстади" стадионында Астана уақытымен сағат 22.00-де өтпек. Стадионға 15 мыңнан астам көрермен сыяды.