АСТАНА, 26 қыркүйек — Sputnik. Елорданың жаңа әкімі Бақыт Сұлтанов баланы ажалдан аман алып қалған азаматқа алғыс білдіріп, оны 500 мың теңгемен марапаттады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Астана әкімі Бақыт Сұлтанов оныншы қабаттың балконынан құлап кете жаздаған баланы құтқарып қалған Артем Каревке осы ерлігі үшін 500 мың теңге табыстады.
"Құрметті Артем Семенович, барлығымыз сіздің кешегі ерлігіңізге таңғалдық. Сіз бірден ептілік пен батылдық танытып, өз өміріңізді қатерге тіге отырып, 7 жасар баланың өмірін құтқарып қалдыңыз. Бұл үлгі тұтарлық мысал. Біздің тұрғындар, азаматтарымыз айналасына осылай жауапкершілікпен қарауы тиіс деген ойдамын. Сол себепті, өз атымнан, әкімдіктің аппараты атынан және астаналықтардың атынан сіздің жасаған ерлік әрекетіңізге үлкен алғысымызды білдіреміз", — деді әкім.
Баланы құтқарып қалған Артем Карев өз кезегінде бұл сыйақыны мұқтаж отбасыларға терезелеріне қоршау орнату үшін берген жөн екенін айтып өтті.
"Ақшаға зәру емеспіз, одан да бұл қаражатты игі мақсатқа жұмсаңыздар", — деді ол.
24 қыркүйек сағат 10:16 кезінде 102 пультіне Жеңіс, 28 даңғылы көшесіндегі 10-қабаттан баланың құлап кету қаупі туралы хабарлама келіп түскен. Араға 6 минут салып Астана қаласының №2 мамандандырылған өрт бөлімінің кезекші қарауылы 2012 жылы дүниеге келген баланы 9-қабаттағы көршісінің құтқарып қалғанын жеткізді. Ол азамат — Артем Карев.
Сәби су құйылған ыдысқа тұншығып өлді
"Мен дәл сол кезде үйде болдым. Көшеде айқайлаған дауыстарды естіп балконға шықтым. Төменге қарасам бәрі мен жаққа қарап тұр. Бірден біреудің құлағалы тұрғанын сезіп, жоғары жаққа қарадым. Терезеде бала ілініп тұр екен. Ең бастысы, ол аман, дені сау. Әрі қарай онымен дос болып кетеміз", — деді Артем Карев.