Оқиға

"Теріден сүйегі шығып тұр". Оңтүстікте жас қыз зейнеткерді аяусыз ұрды – видео

Қызының айтуынша, қартаң әйелдің миы шайқалып, саусағы сынған
Sputnik

 ТАЛДЫҚОРҒАН, 25 қыркүйек — Sputnik. Алматы облысында кәмелетке толмаған қыз зейнеткерді ұрып-соқты деген күдікке ілінді, полиция істің мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлады Sputnik.

Жарақат алған әжейдің видеосын Instagram-ға зардап шегушінің қызы жариялады, айтуынша оқиға 21 қыркүйек күні Іле ауданында болған. 

"Менің атым Ұлмекен, соққыға жығылған 70 жастағы әженің қызымын. Біз Алматы облысында тұрамыз. 2018 жылдың 21 қыркүйегінде шамамен сағат 17-де анам аулаға шыққан. Біздің аулада сиырын бағып жүрген қызды көрген. Анам оған "біреудің бақшасына сиырыңды кіргізуге ұялмайсың ба?" дейді. Ал ол не істесем де өзім білемін деп жауап берген", — деп жазды ол әлеуметтік желіде.

    

Оның айтуынша, қыз ай-шай жоқ егде тартқан анасын ұрып-соғуға кіріскен.

"Оған екі аяғымен отырып алып, ұра бастаған. Оң қолының саусағын жоғары қайырып, сындырған. Сүйек теріден сыртқа шығып кеткен. Қан аққан. (…) Басынан таспен ұра бастаған. Аузына теуіп, тістерін сындырды ", — деп хабарлады қарт әйелдің қызы.

Көршілер көріп қалып, қызды жәбірленушіден айырып алған, дейді Алматы облысының тұрғыны. Оның айтуынша, ауруханада әжеге көмек көрсетілген, миы шайқалып, сүйегі сынған деген диагноз қойылған.

Жедел жәрдем жүргізушісін ұрған жігіттің әріптесі бар шындықты жайып салды

Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ақпаратты растап, дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелгенін хабарлады.  

"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 107-бабына сәйкес, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті анықталды. Бірқатар қажетті сараптама тағайындалды, оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады", – деп хабарлады облыстық полиция.

Жараланған әйелдің қызының айтуынша, күдікті 16 жаста және Шамалған станциясының орта мектебінде оқиды.