АСТАНА, 24 қыркүйек – Sputnik. Сирияда тұратын Қазақстанның 22 азаматы ресми түрде консулдық есепте тұр. Оның 21-і Сирия азаматтарына тұрмысқа шыққан әйелдер, ал біреуі сол елде жұмыс бабымен жүрген ер адам. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің басшысы Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Смадияровтың мәліметінше, қазір сыртқы саяси ведомство басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қазақстандықтарды елге қайтару бойынша тиісті шараларды қолға алып жатыр.
"Қазір Сирия аумағында 22 отандасымыз бар. Олар ресми түрде консулдық есепте тұрғандар. Олардың 21-і – Сирия азаматтарымен тұрмыс құрған әйелдер, біреуі жұмыс бабымен жүрген ер адам. Олардан ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Ал есепте тұрмаған қазақстандықтар бойынша әзірге нақты ақпарат бере алмаймыз", — деді баспасөз хатшысы.
Бұдан бөлек, оның айтуынша, Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарындағы адамдар мен оның туысқандарынан 20-дан аса өтініш келіп түскен. Олар елге қайтуға көмек көрсетуді сұрап жатыр.