ТҮРКІСТАН, 22 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы Кентау қаласының тұрғыны Жанполат Рахманқұловтың бірнеше тілді меңгеруіне алдымен ата-анасы себепші болған. Интернационалды отбасында дүниеге келген оқушы тіл үйрену еш қиын емес дейді.
Бір жарым жасында тілі шыққан
11 жастағы Жанполаттың бір жарым жасында тілі шығып, алғаш айтқан сөзі "апа" мен "ана" болыпты. Кішкентайынан зерек өскен оның тіл үйренуге деген қызығушылығы бала күнінде-ақ байқалған. Анасы Надира Рахманқұлованың айтуынша, тұла бойы тұңғышы мектепке бармай жатып әріп таныған. Білімге деген құштарлығы ерекше ұлымен үйде қазақ, орыс тілдерінен бөлек, түрікше сөйлеседі. Түрік тілін әкесінен, өзбек тілін анасынан үйренген. Алғашында тек сөздерді жаттаса, араға бірнеше жыл салып бұл тілдерді еркін меңгеріп алады. Ал орыс тілін мектеп қабырғасында үйреніпті. Бүгінде ол орыс сыныбында білім алады. Қазақ тілін үйренуіне ортасы себепші болған. Ағылшын тілін де мектепке барған соң меңгере бастаған. Тіпті арнайы үйірмеге де қатысады.
"Сөздерді үнемі қайталап отырамын"
"Көп тіл білудің пайдасы барын анам үнемі айтып отырады. Әлемнің қай жеріне барсаң да, қиналмайсың дейді. Өзіме көп тіл білген ұнайды. Кейде сөздерден шатасып қаламын. Сол үшін үнемі қайталап отырамын",-деді полиглот оқушы.
Қазақ, орыс, ағылшын, өзбек пен түрік тілдерін еркін меңгерген Жанполат биылғы жаздан бастап араб пен француз тілдерін үйреніп жүр. Араб тілін білімдар нағашысы үйретсе, француз тілін әкесі ғаламтор арқылы үйретіп жүр. Алдағы күндері арнайы үйірмеге бармақ. Айтпақшы, оқушы Жанполаттың әкесі бүгінде Түркия еліндегі оқу орындарының бірінде басшылық қызметте. Дәл қазіргі таңда Жанполат француз тілінің әріптерін танып, бірнеше сөз жаттап та алған.
Он тілде еркін сөйлегісі келеді
"Мектептегі оқуым бес күндік. Сенбі мен жексенбі күндері үйірмелерге барып жүрмін. Себебі қосымша тіл үйрену үйірмелері негізгі сабағыма кедергісін тигізбеуі қажет. Одан бөлек мектепте робототехника бойынша да қосымша сабаққа барамын" деген Жанполат мектеп бітіргенше он тілді еркін меңгеруді мақсат етіп отырғанын да жеткізді.
"Ұлымның көп тіл білуге деген қызығушылығы бала күнінен байқалды. Ізденімпаз, мәселен, көршілер өзбек тілінде сөйлесе, бұл сол тілді түсінсе де, басқа тілде жауап береді. Өзі мектеп бітіргенше он шақты тіл білгім келеді деген мақсат қойып отыр. Мен тек жол көрсетуші ғанамын. Өзінің қалауы, көп тіл білу заман талабы десем де болады. Араб тілін жаздан бері үйрене бастады. Оның әріптерін жаттаудың өзі қиын ғой. Ұлым аздап қиналғанын байқадым, бірақ табандылығының арқасында "қажет емес, үйренбеймін" деп айтпады" деген Жанполаттың анасы мектепте ұлының көп тіл білетінін көбі хабарсыз дегенді алға тартты. Себебі анасының қалауы сол, көпке жария еткісі жоқ.
Жанполат өскенде инженер болсам дейді…
Жанполат болашақта инженер болғысы келеді. Роботехникаға құмар. Ал әкесі ұлының тілші болғанын қалайды. Анасы болса, дәрігер болса дейді.
"Мен әлі жаспын ғой. Мамандық таңдауға да ертерек. Алдымен мектепті озат бітіріп шығуым қажет. Дегенмен қандай маман иесі болатыныма қатысты ата-анаммен ақылдасып отырамын. Сол кісілердің айтуымен қазір үш мамандыққа тоқталдым. Өзім инженер болғым келеді",-деді оқушы.
Сұхбат соңында оқушының анасы сматрфоннан қолы босамайтын балалардың ата-аналарына айтар өз кеңесін де жасырмады.
"Меніңше баланың бос уақыты болмағаны абзал. Бала кезінен түрлі үйірмелерге қатыстырып, жан-жақты дамуына жол сілтей білген абзал. Қолынан смартфонын тастамайтын балаларды көріп, шынымды айтсам қарным ашады. Меніңше олардың ата-аналары алдымен өздерін тәрбиелегені жөн секілді. Ата-ананың жасаған ісін көрген бала оны да қайталайды емес пе?" — деді Надира Рахманқұлова.