Саясат

Тоқаев: Халықтың әл-ауқаты заң шығару жүйесінің сапасына байланысты

Сенат төрағасы заң шығару процесі одан әрі жетілдіруді талап ететінін жасырмады
Sputnik

АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қабылданып жатқан заңдардың мазмұнына баса назар аудару қажеттігін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін Сенатта заң шығару процесін жетілдіру мәселелері бойынша үкімет сағаты өтіп жатыр. Жоғары палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиынның тақырыбы аса өзекті екенін атап өтті. 

Нығматулин қазақ-қырғыз шекарасындағы ұзын-сонар кезекті сынға алды

"Заң шығару процесі, шын мәнінде, одан әрі жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан ашық талқылайтын мәселелер аз емес. Түптеп келгенде, азаматтардың әл-ауқаты мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданып жатқан заңдардың сапасы қандай, олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет", — деді Тоқаев.   

Сенат төрағасы заң шығару процесіне атүсті қарағанды тоқтату қажет деді. 

"Мемлекет басшысы реформаларының негізі, атап айтқанда, Қазақстанның экономикасы мен саясатында терең жаңартулар жүргізу, Қазақстанды алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдыру стратегиясы, менің ойымша, заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтатып, бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Еліміздегі реформалардың қарқыны мен мазмұнын қамтамасыз етуге қабілетті, жаңғыртылған заңнамалық база құру – Парламент депутаттары жұмысының негізгі мақсаты. Мемлекет басшысы біздің алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр. Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді", — деді ол.