АСТАНА, 21 қыркүйек – Sputnik. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәжілісте денсаулық сақтау мәселелері туралы заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжілісте заң жобасын таныстыру барысында депутат Василий Олейник министрден қателік жасаған дәрігерлер үшін заңнаманы ізгілендіру қаншалықты дұрыс екенін сұрады. Министрлік әзірлеген жаңа заң жобасында Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерден бірнеше тармақ алынып тасталған.
"Сіз ұсынған статистикада соңғы жылдары дәрігерлер қатесі, соның ішінде криминалдық сипаттағы қатенің әжептәуір артқаны байқалады. Бұл жеңілдік медциналық қызметкерлердің қателіктерге бой алдыруын көбейтіп, азаматтар арасында теріс резонанс туғызбай ма? Медициналық және фармацевтикалық қызметтердің сапасына кері әсерін тигізбей ме", — деп сұрады Олейников.
Біртанов ведомство медициналық қызметкерлерге қатысты қылмыстық заңнаманы ізгілендіруді құптайтынын атап өтті. Алайда министрліктің мақсаты – өз міндетін тиісті деңгейде орындамау мен әдейі жасалмаған қателіктің ара-жігін ажырату.
Біртанов: дәрігерлердің жұмыстан кетуіне дәлелсіз айып тағу себеп болып отыр
"Біз қолданыстағы редакциядан "стандарттарды сақтамау" пунктін алып тастауды ұсынамыз. Өйткені медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтамау мен өз міндетін тиісті деңгейде орындамауды салыстыруға болмайды. Стандарттар ғылым зерттеулер негізінде, мыңдаған емделген науқастың жағдайына талдау жасау нәтижесінде бекітіледі. Олар медициналық көмек көрсетудің орташаланған алгоритмі. Және бүгінде медицинада мұндай медициналық көмекті инструктивті көрсету мүмкін емес, ешбір елде бұл қолданылмайды. Яғни дәрігерлерге бұл инструкцияларды организмнің жеке ерекшеліктеріне бейімдеу мүмкіндігі беріледі. Сондықтан қазір біз стандарттарды сақтамау проблемасына тап болып отырмыз, дәрігерлер стандарттарды сақтамай, олардан ауытқуға мәжбүр болады", — деді Біртанов.
Оның айтуынша, өткен жылы 300 медициналық қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі аталған нормаларды нақтылауды ұйғарыпты.
"Ал өз міндетін салғырт және тиісті деңгейде орындамауға қатысты министрлік ештеңе ұсынып отырған жоқ", — деді ол.
Біртанов дәрігерді болмашы қателіктен кейін кәсіби қызметімен айналысу құқығынан айыру да тым қатаң шара деп санайды.
"Аздаған заң бұзушылық үшін адамды кәсіби қызметімен айналысу, қоғамның әлеуметтік өміріне араласу мүмкіндігінен айыруы мүмкін. Біз медициналық қызметкерлерді жауапкершіліктің қандай да бір түрінен босату туралы ешқашан айтқан емеспіз. Ол болуы тиіс. Бірақ біз халықаралық стандарттарды ұстануымыз керек", — деді министр.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаудық ұйымының талаптарына сәйкес "дәрігердің қателігі" деген ұғым атымен жоқ.
"ДСҰ талаптарына сәйкес дәрігер қателігі деген ұғым жоқ. Медициналық оқиға деген түсінік бар. Оны дәрігер, лаборант, рентгеолог, медбике де жасауы мүмкін. Біз де осы медициналық оқиғалар туралы айтуымыз керек. Халықтың жан басына шаққанда медициналық оқиғалардың ең жоғары деңгейі АҚШ-та тіркеледі. Бұл көптеген ел мұндай жағдайларды жасыратынын көрсетеді", — деді ведомство басшысы.