АСТАНА, 20 қыркүйек — Sputnik. 1 қазан мен 2 қараша аралығында Орталық Азия өңірінің төрт мемлекеті — Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан аумағында "Әскери бауырластық-2018" бірлескен жедел-стратегиялық оқу-жаттығулары өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Біріккен штабының басшысы, генерал-полковник Анатолий Сидоровтың қатысуымен "Әскери бауырластық-2018" оқу-жаттығуына қатысты брифинг өтті. Астана, Бішкек, Ереван және Минск телекөпір арқылы байланысқа шығып, ұйымға мүше мемлекеттердің әскерилері қатысатын оқу-жаттығу туралы толығырақ мағлұмат алды.
Бір айға созылатын оқу-жаттығу аясында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер Қарулы күштері барлау бөлімшелерінің "Іздеу-2018" жаттығуы, Жедел әрекет ету ұжымдық күштерінің "Өзара іс-қимыл-2018", ҰҚШҰ бітімгерлік күштерінің "Мызғымас бауырластық-2018", Орталық Азия өңірі ұжымдық күштерінің "Меже-2018" жаттығулары біріктілмек.
Сидоровтың айтуынша, Қазақстан аумағында 1-5 қазан аралығында "Іздеу" оқу-жаттығулары өтеді.
"Алматыдан 250 шақырым қашықтықта "Іздеу" оқу-жаттығуы өткізіледі. Барлау бөлімшелері мен бөлімдерінен жеке құрамның 3 мыңға жуық адамы, сондай-ақ 500 данаға тарта әскери техника қатысады. Оқу-жаттығу Қазақстан аумағында басталып, кейін Қырғызстанда, одан әрі Тәжікстанда жалғасады. Жаттығу Ресей аумағындағы полигондарда аяқталады", — деді Сидоров брифингте.
Елбасы қорғаныс министрін неге ауыстырғанын түсіндірді
Ол "Әскери бауырластық-2018" оқу-жаттығуына ұйымға мүше мемлекеттер әскерилерінің барлығы да сақадай-сай екенін атап өтті.
"Қазақстан әскерилерінің дайындығы қандай дегенде, біреудікі төмен немесе жоғары деп баға беру дұрыс емес. Мәселен, мен НАТО-ға мүше мемлекеттердің қайсысының дайындығы Ресей әскерилерінің дайындығынан төмен екенін сенімді түрде айта аламын. Ал мұнда біз бауырлас, одақтас елдерміз, барлығымыз ҰҚШҰ-ға мүшеміз. Сондықтан барлық күштің, атап айтқанда Қазақстан әскерилерінің дайындығы айтарлықтай жоғары деңгейде екенін шын жүректен айта аламын", — деді ол.