Мәдениет

Бекболат Тілеухан қазақ көрермендерінің неге "аш" екенін түсіндірді

Мәжілісмен "Кинематография туралы" заң жобасын қолдап, құжаттың депутаттар қарауына ұсынылып отырғаны да кино саласы үшін үлкен жетістік екенін атап өтті
Sputnik

АСТАНА, 19 қыркүйек — Sputnik. Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан отандық кинокартиналар санын арттыру үшін жекеменшік киностудияларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек екенін мәлімдеді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бекболат Тілеухан: менде 11 емес, 14 бала бар

Мәжілісмен бүгін төменгі палатада бірінші оқылымда қаралған "Кинематография туралы" заң жобасын қолдап отыр. Айтуынша, құжатта кино саласындағы түйткілді мәселелер шешімін тапқан. Десе де депутат заң жобасының экономикалық ықпалына тоқталып, шетелден енетін өнімдердің көптігіне алаңдады.

"Заң жобасының экономикалық ықпалы жайында айтар болсақ, елімізге жыл сайын орта есеппен 300-ге тарта шетелдік өнім кіреді екен. Ал өзіміз өндіріп отырған туындылардың көлемі осының 10 проценті ғана, яғни, 30-40 фильм. Бұл да болса соңғы жылдарда жетіп отырған меже емес. Ол фильмдердің 20%-і — Қазақфильмнің, қалған 80%-і — жекеменшік студиялардың туындылары", — деді Тілеухан мәжілістің жалпы отырысында.

Осы орайда ол жекеменшік студиялардың әлеуеті бар екенін, сондықтан оларға қаржылық қолдау көрсету қажеттігін атап өтті.

"Оларға мемлекет тарапынан қаржылық қолдау қарастырылып, прокат мәселесі шешілетін болса, отандық фильмдер лап ете қалғалы тұр. "Кинематография туралы" заң жобасы сол фильмдерді көрерменге еркін жеткізу жүйесін жасап беру үшін әзірленіп отырған дүние. Бізде прокаттық компаниялар көп жағдайда қазақ киностудиясына көз жұма қарайтыны жасырын емес. Сонда келтіріп отырған аргументтерінің көбі — голливудтық стандартқа сай емес, жарық, дыбыс сияқты компоненттер. Бокс-офистің 40%-ін құраған "Бизнес по-казахски" атты отандық туынды болды. Сапалы, жақсы, стандартқа сай шығар. Бірақ, бұл күллі қазақ киносының көрсеткіші емес, бұл бір ғана факт. Енді бір кино табысты болды деп, қазақ киносын голливудтық бәсекеге жібере салуға болмайды. Отандық кино мемлекеттің қамқорлығында, қарауында болуы керек. Оны "Қазақфильм" өндіре ме, жекеменшік киностудия өндіре ме, бәрібір. Кейде бокс-офистің көрсеткіші, жалпы прокаттағы отандық фильмдердің беталысы қандай болатынын біз білмейміз. Яғни, бізге отандық өнімдерге қатысты нақты жүйелі болжам, анализ, ақпараттық жүйе керек", — деді мәжілісмен.

Депутат "Кинематография туралы" заң жобасы қазақ киносының аудиториясын арттыруда тиісті тетік болады деп санайды.

"Жалпы, қазақ көрермені аш. Ол өз өнімдерімізді көргісі келеді. Ұлттық кино, ұлттық мәдениет тұрған жерде кей дүниелер ысырылып, оған орын беру керек деп сұрағанның еш сөкеттігі жоқ. Осы заң жобасы қазақ киносын прокат тұрғысынан алғанда әр көрерменіне жеткізу үшін тетік болады деп санаймын. Ол үшін қажетті басты нормалар бекітілген. Бір-екі жерде Оңтүстік Корея мен Францияның тәжірибесін ұсынғандар болды. Бірақ, Махамбет айтпақшы, "балпаң-балпаң кім баспас, басарға балтыр шыдаса" дегендей, кейбір нәрселер уақыт пен мүмкіндік жетпей отырғандықтан, кейінгі күндердің еншісіне қалды", — деп түйіндеді ол.