Оқиға

Қостанай облысында жоғалған оқушының ажалы моншадан болды

Төтенше жағдайлар департаменті болған жағдайға марқұм баланың ата-анасын кінәлап отыр
Sputnik

АСТАНА, 18 қыркүйек — Sputnik. Қостанай облысы Жетіқара ауданында бірінші сынып оқушысы қоғамдық моншаның кәріз құдығына батып өлген.

Шымкенттегі 3 жасар қыздың өлімі: баланың сушиден уланғаны анықталды

Оқушы көзі тірісінде Тимирязев ауылында тұрған. 17 қыркүйек күні ол үйден ойнауға шығып, кейін із-түссіз жоғалды. 18 қыркүйек күні баланың денесін құтқарушылары кәріз жүйесінен алып шықты.

"18 қыркүйек күні сағат 08:50 шамасында Солтүстік аймақтық аэромобильді жедел-құтқару отрядының құтқарушылары моншаның кәріз құдығынан 2011 жылы туған баланың өлі денесін алып шықты. Марқұм жергілікті мектептің бірінші сынып оқушысы", — деп хабарлады Қостанай облысы төтенше жағдайлар департаменті. 

Жоғалған баланы тұрғындар бес сағат бойы іздеген. Жедел іздестіру шараларына құтқарушылар, ІІД-нің жеке құрамы мен техникасы және жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

"Қайғылы жағдай ата-анасының балаға дұрыс қарамауынан болып отыр. Олар бала тәртібіне мән берсе, мұндай қайғылы жағдайдың алдын алуға болатын еді. Себебі балалардың қауіпсіздігі үшін бірінші кезекте ата-ана жауап береді", — дейді департаменттегілер.