АСТАНА, 17 қыркүйек — Sputnik. Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы Сауль "Канело" Альвареспен шаршы алаңда жұдырықтасқысы келетінін айтты.
Күні кеше Лас-Вегаста қазақстандық боксшы Геннадий Головкин шаршы алаңда "Канеломен" кездесіп, өзінің кәсіби карьерасында алғаш рет жеңіліс тапты.
"Канело" сенің қуанышың көпке созылмайды. Мен сенің быт-шытыңды шығаратын алғашқы боксшы боламын. Саған қазақ боксы қандай екенін көрсетемін", — деп жазды ол Instagram желісіндегі парақшасында.
Сондай-ақ, ол 2019 жылы промоутерлер келіссөз жүргізіп, жекпе-жек ұйымдастырса деген үміті барын жеткізді.
"Бұйыртса белбеулерді қайтарып аламыз! 2019 жылы менің промоутерім мен Канелоның промоутерімен келіседі деп сенемін. Асыға күтемін", — дейді Әлімханұлы.
Естеріңізге сала кетсек, жазда Әлімханұлы танымал промоутер Боб Аруммен келісімшарт жасасты. Енді қазақстандық боксшының келесі жекпе-жегі 28 қыркүйек күні өтеді. Ал қарсыласы — колумбиялық файтер Карлос Гальван.