Қоғам

Денис Теннің өліміне қатысты іс: әйелге қандай айып тағылғаны белгілі болды

ІІМ мәліметінше, Денис Теннің өліміне қатысты іс қыркүйектің соңына дейін сотқа беріледі
Sputnik

АСТАНА, 14 қыркүйек – Sputnik. Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өліміне қатысты іс бойынша үш адамға айып тағылып отыр. Бұл туралы бүгін ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді, деп хабарлайды тілшісі. 

Психоаналитиктер Денис Теннің әндері кімге арналғанын айтты

"Екі қылмыскерге ұрлық, қарақшылық және адам өлімі бойынша, ал әйелге қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін айып тағылды. Іс жақын арада, қыркүйектің соңына дейін сотқа жіберіледі", — деді министр ОКҚ-де өткен брифингте. 

Еске сала кетсек, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда автокөлік ұрыларының қолынан қаза тапты. Оқиға түскі үштер шамасында болған. Спортшы тұрақта тұрған көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түседі. Арада жанжал басталып, салдарынан Денис Тен пышақ жарақатын алады.

Үш литр қан жоғалтқан спортшы кешкі бес жарымда ауруханада көз жұмды. 

Аталған фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Спортшының өліміне қатысы бар деген күдікпен үш азамат ұсталды. Олар Жамбыл облысының тумасы 24 жастағы Нұралы Қиясов, Қызылорда облысының 1994 жылғы тумасы Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Әйел қылмыс жасалғанын хабарламағаны үшін ұсталды.