Дерекқор

Төреғали Төреәлі туралы қызықты деректер

"Ұлы дала баласы" лақап атымен танымал қазақтың сүйікті әншісі Төреғали Төреәлінің өмірбаянын Sputnik дерекқорынан оқыңыз
Sputnik

Төреғали Төреәліұлы Əлиханов 1992 жылы 14 қазанда Қызылорда облысының Байқоңыр қаласында туған. Алматы қаласындағы Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжін актер мамандығы бойынша тәмамдаған (2009—2011). Ақындармен айтысып жүріп, эстрадаға ауысқан Ұлы дала баласы – бүгінде қазақ халқының ерке әншісі, ұлттық нақыштағы әндерімен ел жүрегін жаулаған қазақтың "Төреші".  

Төреғали Төреәлінің отбасы 

"Залда шал жоқ". Тұрсынбек Қабатов әнші Төреғалимен әзілдесті

Әкесі Төреәлі Төлепов – әншінің продюсері. 

"Менің өмірге де, өнерге де келуіме тікелей себепкер болған әкем Төреәлі Төлепов. Қазір мен келе жатқан жолмен ол кісі де бұрын жүріп өткен. Ол да ақын, сазгер, шама-шарқынша ән айтады. Үш жасымнан бастап қасына ертіп жүрді", — деген еді Төреғали сұқбаттарының бірінде. 

Ал анасы Аягөз Төлепова – орыс тілі пәнінің ұстазы. Десе де, мансап қумай, бар ғұмырын үш баласының тәрбиесіне арнаған. 

Төреғали – үйдің үлкені, Фариза және Дина есімді екі қарындасы бар. Екеуі де өнерден алыс емес, Фариза скрипкада ойнаса, Дина ән айтады екен. 

"Ұлы дала баласы" үйленген, бүгінде екі қыздың әкесі. 

Төреғалидің есімін азан шақырып, әжесі қойған. Бірақ "ұлымның аты Төреғали болса екен" деп әкесі қайта-қайта өтініш жасаған көрінеді. 

Айтыскер ақын неге әншілікке бет бұрды?

Әншінің айтуынша, 5-6 сыныпта оқып жүрген кезінде оқушылар айтысына қатыса бастаған. 

"Ол кезде әкем үйдегі теледидарға видеокасетаға тек айтыс қоятын. Далада ойнап жүрсем, "айтыс болып жатыр, кел" деп шақыратын. Айтыстың не екенін білмесем де, әкемнің көңілін қимай, жүгіріп келетін едім", — деп еске алады балалық шағын Төреғали.

Негізгі мамандығы – ән салатын актер. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын музыкалық драма бойынша бітірген. 

"Бұған дейінгі арман, мақсатым – айтысқа шығу, өзімнің ақындық қырымды байқату болатын. Армандасаң, соған жету жолында еңбектенсең, армандар орындалады екен. 3-4 сыныптарда менен келіп: "Кім боласың?" – деп сұрағандарға: "Айтыскер ақын боламын"дейтінмін. Біздің Байқоңырда балалардың бәрі ұшқыш болғысы келетін. Есім бір кіріп, бір шығып жүргенде ақын боламын дегенді Құдай аузыма салған шығар, бәлкім. Әншілік те, ақындық та жаныма жақын. Екі өнерді бөліп жара алмаймын", — дейді Ұлы дала баласы сұқбаттарының бірінде. 

Үлкен республикалық айтыстарда 4-5 жылдай жүрген. Айналдырған төрт жыл ішінде 4 темір тұлпар мініп үлгеріпті. 

Айтыста жүріп, эстрадаға ауысқан кезде, бала кезден бергі досы, айтыскер ақын Қайнар Алагөзовтің сөзіне жазылған сазгер Шымберген Сүлейменовтің "Іздеме" әнін орындаған. 

Төреғалидің репертуарындағы әндердің жартысынан астамын айтыскер Қайнар Алагөзов жазған. Мәселен, "Бол жанымда", "Сүй, жаным", "Алло", "Төрешім", "Романтик" және тағы басқа.

Жұрт тіпті Қайнарды "Төреғалидің жекеменшік ақыны" деп атап кеткен. 

"Төреғалиді ешкім танымайтын кезде, мен танитын едім. Достығымыз бала кезден бері келе жатыр. Мен де, негізі, әнге сөз жазбайтын едім, маған шабыт берген Төреғали десем болады", — деген еді Қайнар Алагөзов бір сұқбатында. 

"Алло" әні төңірегіндегі дау 

2015 жылы қазақтың екі еркесі Төреғали мен Еркенің жұлдызын жағып,  бағын ашқан "Алло" әні қос әншінің араздасуына себеп болды. Диалог түрінде жазылған романтикалық ән көптің жүрегіне жол тауып, екі апта ішінде Youtube-те бір миллион рет қаралып, хитке айналған еді. Қазір аталған ән 35 миллион рет қаралған. 

Есіңді жи, Төреғали: продюсер Жан Мұқанов әншімен арадағы кикілжіңді жайып салды

"Алло" әнінен кейін қос жұлдыздың танымалдылығы одан сайын артып, көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген еді. Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Төреғалидің әкесі әрі продюсері Төреәлі Төлепов "Ерке Есмахан Төреғалидің арқасында танылды, қанша жыл сахнада жүрсе де, бұған дейін оны ешкім білмеді" деп мәлімдеме жасады. 

Осы сөздерден кейін Төлепов пен Еркенің сол кездегі продюсері Баян Мақсатқызының қарым-қатынасы бұзылды. Бұған қоса, "Алло"-ның жалғасы ретінде фильм түсіруді жоспарлап жүрген Баян Төреғалимен жұмыс істеуден үзілді-кесілді бас тартты.

Өткен жылы әнші Ерке Есмахан GAKKU арнасына берген сұқбатында оған "Алло" әнін орындауға тыйым салынғанын айтты. 

"Қазір бұл ән менің репертуарымда жоқ. Әннің авторы хит әнді басқа әншілерге сатқанына байланысты, менің енді орындауға қақым жоқ. Бірақ Төреғали басқа әншілермен бірігіп, орындап жүр", —деген еді ол. 

Шынымен де, осы даулы оқиғадан кейін қазақтың Төреші "Алло" әнін бірде түрік, бірде қырғыз, тіпті өзбек әншісімен қосылып шырқағаны ел есінде. 

Араға біраз уақыт салып, отандық БАҚ Төреғали мен Ерке қайта табысты деп елден сүйінші сұрады.

Павлодардағы концертінен қарияны қуған "Ұлы дала баласы"

Былтыр ел-елді аралап, концерт берген Төреғали Төреәлінің басы дауға қалды. 2017 жылдың 21 желтоқсанында Төреғалидің Павлодарда берген концертінде шу шықты. Әлеуметтік желілерде желдей ескен видеода әнші қарияға дөрекі сөйлеп, "Ұнамай ма? Шығып кетіңіз" деп зекіген болатын. 

"Ұлы дала баласының" бұл ерсі қылығын көрген тыңдармандар әншіні жерден алып, жерге салды. Тіпті Павлодар облысының билігі Төреғали Төреәліні  концерттерге шақырудан бас тартатынын мәлімдеп, мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы даулы концертке қатысты шара қолданатынын жеткізген еді. Келеңсіз жайттан кейін әншінің әндері радиодан алынды. 

Біраз сөз естіп, жұрттың сынына іліккен Төреғали павлодарлық қариядан да, қалың қазақтан да талай рет кешірім сұрады. 

"Жүректеріңіздің кеңдігіне, пейілдеріңізге, патша көңілдеріңізге салып, ағайын, қате кеткен, ағаттық жасаған жерім болса, Алланың атымен сіздерден кешірім сұраймын. Менің жаныма қатты батып жатыр. Бірақ бас жарылған жоқ, қол сынған жоқ, ешкімді қорлап-зорлаған жоқпыз. Тек әдеттегідей басымнан сөз асыра алмадым, болды, балалығым шығар мүмкін, 25 жасқа толғандағы қалып қойған кішкентай шалалығым шығар. Жаным, ағайын, кешіріңіздерші. Үлкен кісіге олай деп сөйлегім келген жоқ. Он үште болса, баланың даналығы болады, алпыста болса да, шалдың шалалығы болады ғой. Сондықтан ол кісіні көрсем, міндетті түрде кешірім сұрар едім", — деп ақталған еді әнші. 

Тіпті, әлеуметтік желідегі парақшасында "мен енді өзгеремін деп" өлеңмен де кешірім сұрады. 

Десе де қызба мінезді, басынан сөз асырғысы келмейтінін жасырмайтын Төреғали 2016 жылы да журналистпен жанжалдасып, елді шулатқан еді. 

Келеңсіз оқиға Шымкенттегі "Назар текстиль" кілем фабрикасында болған. Фабрикаға ат басын бұрған жұлдыз он екі мың теңгеге кілем сатып алады, ондағы мақсат –  отандық өнімді танымал адамдар арқылы жарнамалау еді. 

БАҚ өкілдеріне сұқбат беріп жатқанда, журналистердің біріне Төреғалидің тұрысы ұнамай қалған. Көзілдірігін шешпей, екі қолын артына ұстаған маңғаз әншіден әлгі тілші камера алдында қолын түсіріп, сұқбат беруді өтінеді. Осы сәтте жас әнші дөрекі сөйлеп, ашулана бастаған. Бұған әншінің  әкесі, әрі продюсері қосылып, "Сендерді мұнда кім шақырды?" деп жағдайды одан әрі ушықтырып жібереді. 

Әкімдіктің шақыруымен келген журналистер әкелі-балалы өнер иелерінің неге мұнша бүлінгенін түсіне алмай дал болады. 

Бірнеше айдан кейін өзінің артық кеткенін түсінді ме, Төреғали өзі ренжітіп алған журналистен кешірім сұрады. 

Төреғалидің елден жасырып келген жары кім?

Отау құрғандарына үш-төрт жыл болса да, Төреғали Төреәлі бойдақпын деп, жарын елден жасырып келген еді. Былтыр күзде әншінің құпиясы ашылды. Эстрада жұлдызы 2017 жылдың 17 қазанында дүркіретіп той өткізіп, алғаш рет жары Толқынмен ел алдына шықты. 

"Кем-кетігім болса, еркелігім деп қабылдарсыздар". Төреғали халықтан кешірім сұрады

Толқын Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылында туған. Отбасында бес ағайынды, үлкен әпкесі, үш інісі бар. ҚазҰУ-ды тәмамдаған, магистр. 

Келіншегімен үш жыл бұрын, 2014 жылы қарашада шаңырақ құрған. Қызды ұзатып әкеткен, неке қиылған, беташар жасалған. Бірақ түрлі себептермен үлкен тойдың реті келмепті. Көптен күткен той былтыр ғана жасалды. Төлеповтер отбасы тойға үш жүз қонақ шақырған. 

БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында қазақтың Төреші әйелінің жұмыс істемейтінін айтты. 

"Қоғамға қыз балалардың жұмыс істегені керек те шығар. Бірақ, әйелдің өмірдегі ең басты мақсаты мен міндеті – үйде отырып нан жабу, бала табу. Оларға одан ауыр жүк жүктемеу керек", — деді ол. 

Бүгінде ерлі-зайыпты Томирис және Тоғжан есімді екі қыз тәрбиелеп отыр.

Сегіз қырлы, бір сырлы Төреғали немесе "Ұлы дала комедиясы"

"Қазақ қызға үйленем",  "Ай-хай, 25", "Ұлы дала баласы" атты талай шығармашылық кештерін өткізген әнші жігіт енді актерлік қырымен де танылмақ. 

Эстрада жұлдызы "Ұлы дала комедиясы" атты фильм түсірді. Басты рөлді де өзі сомдаған.

Жуырда Алматыда комедияның түсірілімі аяқталды. "Ұлы дала комедиясы" – арманға жету жолында талай сынақтан өтетін талантты жігіт жайында. Басты кейіпкерге қиындықты еңсеруге сәттілік пен махаббат көмектеседі.

Төреғали осы кинокартинаға арнап саундтрек жазған. Оны сазгер әрі әнші Ғазизхан Шекербековпен бірге орындады.

Әнші жаңа фильм қазан айында көрермендерге жол тартуы мүмкін екенін айтты.