АСТАНА, 13 қыркүйек — Sputnik. Қазақстанда пәтерді заңсыз жалға берген азаматтарды анықтау процесі қалай жүзеге асырылатыны белгілі болды. Бұл туралы толығырақ ҚР ҚМ МКК салықтық әкімшілендіру департаменті камералдық мониторинг басқарма басшысы орынбасары Ербол Әмірханов Қазақстан Республикасы қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінде "Тұрғын үйді заңсыз жалға беру" тақырыбында өткен брифинг барысында айтты, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Елімізде пәтерлерін заңсыз жалға беріп, салықтан жалтарып отырған азаматтардың қалай анықталатыны белгілі болды. Бұл үшін комитет, ішкі істер департаменті және ПИК бірлесе отырып көбінесе интернет желісінің және заң бұзған азаматтың көршілерінің арқасында анықтайды. Толығырақ басқарма басшысының орынбасары Ербол Әмірханов баяндап берді.
"Кез келген тұрғынның көршісі болатыны сөзсіз. Егер пәтерді жалдап тұрып жатқан азаматтар қатты шулап, көршілеріне маза бермесе, олар арнайы органдарға хабарласады. Осы арыздардың арқасында үйдің, шын мәнінде, кімге тиесілі екенін біліп жатамыз. Одан кейін интернет желісіндегі пәтерді жалға беру туралы жарнамалар мен БАҚ-тағы ақпараттарды жіті бақылап отырамыз. Бұдан өзге министрліктер өзара ақпарат алмасып отырады", — деді Ербол Әмірханов.
Сондай-ақ, ол жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей үйді қалай заң шеңберінде жалға беруге болатынын түсіндірді.
"Пәтеріңізді жеке тұлға ретінде жалға бере аласыз. Бұл үшін сіздің пәтерақы арқылы алатын табысыңыз 12 АЕК-тен аспауы тиіс. Мұнымен қатар, ДК (дербес кәсіпкер) ретінде тіркелу аса қиын шаруа емес. Ол үшін үкіметтің электронды порталына кіріп, өтініш толтырасыз. Кейін жеке куәлігіңіз бен мекен-жай анықтамасы қажет болады. Артынша патент немесе декларация режимінде салық төлейтін боласыз. Алғашқысын таңдасаңыз 1%, кейінгісін таңдасаңыз табысыңыздың 3%-ін төлейсіз", — деді ол.
Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша теңге болды?
Сондай-ақ, басқарма басшысының орынбасары пәтерді жалға берген азаматтар салық төлемеген жағдайда қанша теңге айыппұл беретінін айтып өтті. Алғашында азаматқа ауызша ескерту жасалады. Кейін 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл дегеніңіз 36 075 теңге.