Мәдениет

Төреғали туған күніне қандай тосынсый әзірлеп қойғанын айтты

Маңызды да бақытты сәттерге көз жұмып кетіп жүр екенмін, дейді әнші
Sputnik

АСТАНА, 12 қыркүйек — Sputnik. Төреғали Төреәлі соңғы уақытта шығармашылығында үзіліс жариялап, көп уақытын жақындарымен араласуға жұмсап жүргенін айтты. Сондай-ақ, ол биыл түсірілген комедиясын көрермендерге қашан ұсынатынын жеткізді, деп хабарлады Sputnik 31 арнаның "Айта берсін" бағдарламасына сілтеме жасап.

Әншінің айтуынша, соңғы кезде шығармашылығына емес, туған-туыстарына көбірек көңіл бөліп жүр.

"Залда шал жоқ". Тұрсынбек Қабатов әнші Төреғалимен әзілдесті

"Соңғы 3-4 жылда жазғы демалысқа шықпаған екенмін. Қазір кішкене демалыс алып, туған-туыстармен, достармен араласып, тойларына барып жатқан жайым бар. Мұндай қарым-қатынастардың өзіндік құндылықтары бар екен. Осы уақытқа дейін маңызды да бақытты сәттерге көз жұмып кетіп жүр екенбіз. Ағайынмен араласу керек, тіршілік мұнымен бітіп қалмайды", — дейді ол.

Әрі қарай әнші өзі басты рөлді сомдайтын фильм туралы айтты. Жұлдыздың алғашқы туындысы комедия жанрында түсірілген. Сондай-ақ, ол аталған фильмнің көрерменге қашан жол тартатынына тоқталды.

"Өнер туралы әңгімені аузымды толтыра отырып айтқым келеді. Кейде адамның өзінің суретіне немесе видеосына қарай алмайтын кездері болады. Жалпы мұндай нәрсе актерлерде де бар. Айтпақшы, мен алғаш рет өз мамандығым бойынша жұмыс істеп көрдім. Фильмге бір жігіт "Ұлы дала комедиясы" деп ат қойды. Оған осы жерде жүрген Ғазиз, "Назар аудар" мен "Өнер қырандарының" жігіттері атсалысты. Олар әзілдің нағыз майталмандары. Ал жеке өзім асып бара жатқан комедиялық актер емеспін. Қолымнан келгенше маған берілген рөлдерді ойнап шығуға тырыстым. Әдеттегідей тұсаукесері өзімнің туған күніме, яғни қазан айының 14 жұлдызына жоспарланып отыр. Ал қазақстандық көрермендер оны қазан айының 18 жұлдызынан бастап тамашалай алады. Алла қаласа", — деді ол.

Павлодар билігі Төреғали Төреәліні енді ресми шараларға шақырмайтынын мәлімдеді

Төреғали Төреәлі фильмнің өзге де жұмыстарына араласып жүргенін жасырмады. Қажет кезде монтаж жұмыстарына да атсалысып, режиссерлерге ақыл-кеңестерін айтып отырады екен.

"Монтаж жасап, кадрларды қосқан кезде маған бір рет көрсетті. Көңілімнен шыққан және шықпаған жерлері де болды. Жігіттерге кейінгісін өзгертуге кеңес бердім. Дархан есімді режиссер жігітіміз өз ісін біледі және жұмысына бізді көп араластыра бермейді. Ал сценарийді "Базар жоқ", "Өнер қырандары" сынды театрлардың жұмысына атсалысып жүрген Әбдусейіт есімді жігіт жазды. Түсірілім тобы жалпы мықты жігіттерден құралып тұр. Сондай-ақ, қазір фильм дайын болып қалды. Монтажы толықтай бітті, тек дыбыстары тазаланып жатыр. Өзім асыға күтіп жүрмін, көрерменге де тезірек көрсеткім келіп жүр", — деді Төреғали.