Қоғам

Назарбаев Астана әкімінің тағайындалуына қатысты: бұл мәселеге зор мән беремін

Мемлекет басшысы Астана қаласының активімен кеңес өткізді
Sputnik

АСТАНА, 11 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жаңа әкімі Бақыт Сұлтановтың алдында тұрған міндеттерді айқындады, деп хабарлайды Ақорда. 

Қазақстан президенті Астана қаласының бұрынғы әкімі Әсет Исекешевтің сіңірген еңбегі жөнінде айтып, қаланың жаңа басшылығының алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

"Мен елорда әкімін тағайындау мәселесіне зор мән беремін. Қаланы дамыту ісі, соның ішінде Астанадағы бүкіл нысандардың құрылысы үнемі менің жеке бақылауымда. Бұл – мен үшін маңызды басымдық. Бақыт Сұлтановтың мемлекеттік басқару ісіндегі тәжірибесі мол әрі тиісті ұйымдастырушылық қабілеті бар", – деді Елбасы кездесуде. 

Назарбаев Астана әкімін неге ауыстырғанын түсіндірді

Мемлекет басшысы дамудың жаңа моделін енгізу қажеттігін айтты. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдар санының көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн.

"Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы "Астана" халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, Қазақстан президенті қаланың инфрақұрылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты.

"Өтірік айтқанда да, дұрыстап айту керек қой" Министрлер Сағынтаевтан сөз естіді

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырды.

Елбасы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдары жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелерін Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде ерекше атап өтті.

Өз кезегінде Әсет Исекешев пен Бақыт Сұлтанов сенім білдіргені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтып, бас қаламыз бен бүкіл елімізді дамыту ісіне өздерінің зор үлестерін қосатынын жеткізді.

Кеше елімізде кадрлық тағайындаулар басталды. Президент әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбеков зейнетке шығып, оның орнына Әсет Исекешев келді. Ал Астана әкімі болып қаржы министрі қызметін атқарған Бақыт Сұлтанов тағайындалды.