АСТАНА, 11 қыркүйек — Sputnik. Биылдан бастап 1-сыныпқа қабылдану үшін мекен-жай мен бала ата-анасының жұмыс орнынан анықтама қажет емес. Осылай мәлімдеді ҚР білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов Олжас Бектеновтің төрағалығымен білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өткен жиын барысында, деп хабарлады Sputnik тілшісі.
Жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныпқа қабылданғысы келетіндер өткізетін құжат саны кеміді. Вице-министрдің айтуынша, биыл мектепке қабылдану үшін тек 4 құжат қажет және олардың тізімі әр мектепте ілінген.
"Мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты белгілі бір стандарттар бар. Біз осы стандарттарды әр мектепке ілгіздік. Егер осы стандарттар ілінбеген болса, біз оларға қатысты белгілі бір шаралар қолданамыз. Міндетті түрде болуы керек құжаттар арасында сурет пен баланың денсаулығы туралы медициналық анықтама бар. Яғни әдетте өткізілетін құжаттар. Алайда биылдан бастап құжаттар саны екіге кеміді. Олар – мекен-жай анықтамасы мен ата-анасының жұмыс орны беретін анықтама", — деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, ол мектепке қабылдану кезінде сыбайлас жемқорлықты болдырмау мәселесін қолға алғандарын жеткізді. Бұл үшін тың өзгерістер енгізілген-ді.
"1-сыныпқа қабылдануды автоматизациялау мәселесі қарастырылып жатыр. Қазір бұл жобалар пилоттық режимде іске қосылып үлгерді. Мектепке қабылдануға қатысты проблемалардың бар екені жасырын емес. Әсіресе, жоғары сұранысқа ие мектептерге келгенде. Сондықтан бұл жерде әр адамның құқығының қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек", — деді ол.
Вице-министр ата-аналардан жиналған ақша жемқорлық болып саналатынын ескертті
Бұдан өзге Асхат Аймағамбетов түрлі үйірме мен секцияға қабылдану тәртібі де автоматизацияланатынына тоқталды. Яғни оқушының белгілі бір үйірмеге қабылдануы жалпыға ортақ цифрлық жүйе бойынша жүзеге асады.