АСТАНА, 11 қыркүйек — Sputnik. "7-20-25" бағдарламасы бойынша тұрғын үй тапшылығы сезіліп жатыр, дейді "Баспана" ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.
Елде "7-20-25" бағдарламасы бойынша сатып алуға болатын шамамен 1,5 мың пәтер қалды.
Алтынбековтың сөзіне қарағанда, тұрғын үй жетіспеушілігінің екі себебі бар. Біріншіден, құрылыс салушылар 90% жағдайда тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін, яғни салынып жатқан кезінде сатып жібереді. Екіншіден, жеке құрылыс салушылар коммерциялық тұрғын үйді көбінесе Алматы мен Астанада салады, өңірлерге шыға бермейді.
Шілдеде "7-20-25" бағдарламасының шарттарына үш мың пәтер сәйкес келеді. Олардың жартысы қазірдің өзінде сатып алынды, деді Алтынбеков.
Жаңа тұрғын үй тапшылығы мәселесін шешу үшін "Баспана" жергілікті атқарушы органдарға үй салуға 150 миллиард теңге бөледі. Шымкенттің әкімдігіне қазірдің өзінде 500 мың шаршы метр үй салуға 20 миллиард теңге аударылды", — деді Алтынбеков.
Назарбаев мәжілісте жалақы мен тұрғын үй мәселесін сөз етті
"7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы 2018 жылдың шілдесінде іске қосылды. Қазақстанның жұмыс істейтін тұрғындары мынадай шарттармен баспана алуға құқылы: кредит бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7% —дан аспайды, алдын-ала төлем – 20%-дан аспайды, кредит беру мерзімі – 25 жылға дейін.