Қоғам

Мектеп оқулығына қатысты тағы шу: бұл жолы ата-аналарды ашуландырған не?

Қара нәсілді баланы ертегі кейіпкерімен салыстырған кітаптың авторын Семей тұрғындары расист деп айыптады
Sputnik

АСТАНА, 10 қыркүйек — Sputnik. Екінші сыныптың "Жаратылыстану" оқулығындағы қара нәсілді бала туралы әңгіме Қазақстан жұртшылығының наразылығын тудырды. Онда автор Қазақстан мектебінде оқушылардың мазағына ұшыраған африкалық бала туралы оқиғаны ойдан құрастырып жазған.

Жергілікті оқушыларға оқуға ұсынылған екінші сыныптың "Жаратылыстану" оқулығындағы біртүрлі әңгімені ата-аналардың бірі байқапты.

Неге ашуланғанын көрсету үшін әйел адам әңгімеден үзінді келтіріп, оқулықтың бетін суретке түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.

"Сыныпқа жақында жаңа оқушы келді. Аты – Майкл. Ата-анасы Қазақстанға жұмыс істеуге көшіп келіпті. Онда тұрған не бар дейтін шығарсыңдар, бірақ олай емес. Ол Африкадан қоныс аударған Ресей азаматы. Қазақстан үшін ала бөтен естіледі, ал Семей қаласы үшін Жалын құсты көргенмен бірдей", - делінген А. Қарабұтова деген автордың кітабында.

Елбасы қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық туралы: бұрын-соңды мұндай болған емес

Әрі қарай шағын мәтінде балалардың жаңадан келген оқушымен дос болғысы келмегені де жазылған.

Оқушының анасы айтқан сынға әлеуметтік желі қолданушылары да қосылды. Жазбаның астындағы пікірлерде оқулық авторын расист деп айыптап жатыр.

"Бұл біздің қаламызды жақтырмағаны ма әлде Семейде расизм бар деген ой ма?", — дейді zhassulan030 деген қолданушы.

"Кеше баламның кітабынан да осы сандырақты оқыдым", — деп атап өтті dairbekdosanov.

"Оқулықтарды кім жазады? Тауып, жазасын берсін", — деп талап етті alfiya_011984.

Білім министрлігі мен қаласының білім беру бөлімі бұл жайтқа қатысты әлі пікір білдірген жоқ.

Былтыр Қазақстанда 7-сыныптың орыс тілі оқулығына қатысты шу шыққан еді. Ата-аналар бауырсаққа визитка жасау, Иван Урганттың шоуын көру сияқты тапсырмаларға қайран қалып, Людмила Петрушевскаяның "Пуськи бятые" атты лингвистикалық ертегісіне наразылық танытқан болатын.