Саясат

Назарбаев Жақсыбековті зейнетке жіберді

Жақсыбековтің орнына Астана әкімі болған Әсет Исекешев келді
Sputnik

АСТАНА, 10 қыркүйек — Sputnik. ҚР Президенті әкімшілігін басқарған Әділбек Жақсыбеков президенттің жарлығымен зейнет жасына байланысты қызметінен босатылды, деп хабарлайды Ақорда. 

Әсет Исекешев жаңа қызметке тағайындалды

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Әділбек Рыскелдіұлы Жақсыбеков зейнеткерлік жасқа толуына байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы қызметінен босатылды", — деп жазылған жарлықтың мәтінінде. 

Айта кетейік, былтыр шілде айында мемлекет басшысының жарлығымен "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңына сәйкес Әділбек Жақсыбековтің өкілеттігі зейнеткерлік жасқа толған күннен бастап 2022 жылғы 26 шілдені қоса алғандағы мерзімге дейін ұзартылған еді. 

Әдібек Жақсыбеков алғаш рет 2004 жылдың желтоқсанында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған. Төрт жылдан кейін басқа қызметке кетіп, 2016 жылы қайтып келіп, бүгінге дейін президент әкімшілігін басқарды. 

Ол әр жылдары Астана әкімі, ҚР индустрия және сауда министрі, "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары; Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі, ҚР Қорғаныс министрі, Мемлекет хатшы қызметтерін атқарды. 

Бұған дейін Астана әкімі Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы лауазымына тағайындалғанын хабарлаған едік.