Саясат

Литвада ұсталған Қазақстан елшілігінің қызметкері елге қайтарылды

Аталған қызметкерге қатысты ішкі тергеу жүргізіліп жатыр
Sputnik

АСТАНА, 10 қыркүйек – Sputnik. Өткен аптада Литвада мас күйінде ұсталған Қазақстан елшілігінің қызметкері қазір Астанада. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспаөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

РФ елшісі: Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы өзгерді

7 қыркүйекте Литваның жол полициясы рейд барысында Қазақстан елшілігінің техникалық персоналының жүргізуші-механигін ұстады. Ол Тoyota Avensis көлігін мас күйінде айдаған. 

"Алкотестермен тексеру кезінде қызметкердің ағзасында алкоголь рұқсат етілген нормадан асып түсті. Полиция әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырып, содан кейін елшілік қызметкерін босатты. Қызметтік автокөлік біздің елшіліктің дипломатымен елшілік аумағына жеткізілді. Жергілікті полиция жол-көлік оқиғасына немесе басқа да бұзақылыққа қатысты ешқандай талап қойған жоқ", — деп мәлімдеді Смадияров министрлікте өткен брифингте. 

Оның айтуынша, елшілік қызметкеріне қатысты ішкі тергеу жүргізіліп жатыр, содан кейін тиісті шешім қабылданады. 

"Қызметкер ұзақ мерзімді шетелдік сапарынан қайтарылды. Қазіргі таңда  Астанада екенін хабарлаймыз", —деді ол.